Бәйжігіт ҮШЕУ МЕ, әлде БЕСЕУ МЕ?

Жерлес жазушы Шәкерхан Әзмұханбетовтың "Үкілі найза ұстанған үш Бәйжігіт" атты кітабының жарық көргеніне екі жылдай болды. Көп ізденістен туған құнды дүние негізінен облысымыздың Тарбағатай, Зайсан өңірлерінде, сондай-ақ Алматы, Астана қалаларында оқырмандарын тауып, лайықты бағасын алды. Әйтсе де зерделей ізденгендерді кітаптың атына байланысты "бұл қалай?" дегізген, тіпті кейбіреулердің көңілінде күмән туғызған сауал да болмай қалған жоқ. Сондықтан, әлсін-әлсін тізгінге оралып, көлденеңдей беретін осы жайттың "тіл-жағын айырып алу" мақсатымен кітап авторына жолыққан едік. 

- Шәке, "Әрісі Барқытбелден бастап, берісі Қалба бойына дейін тараған Бәйжігіт руы үшеу емес бесеу еді ғой, қалған екеуі қайда?" - дейді кітап тақырыбына күмән келтіретіндер.  
- Түптеп келгенде Бәйжігіттің бесеу екені рас. Олай болса, кітаптың тақырыбы неге басқаша қойылған? Ол үшін ең әуелі көне жәдігерлерге жүгінеміз. Бізге жеткені бар, жетпегені бар Бәйжігіт руының арғы-бергісінде ең ірі тұлға Қаракерей Қабанбай батыр туралы жыр-дастандар көп. Орыс зерттеушілерінің пікірінше, олардың бірі батырдың өз заманында, көзі тірісінде, енді бірі ХVIII ғасырдың аяғы, ХIХ ғасырдың басында шығарылған. ХIХ ғасырдың екінші жартысында ақын-жыраулардың аузынан жазылып алынып, хатқа түсе бастаған. Бұл жырлардың біразы Г. Потанин, И. Березин қорларында, т. б. жерлерде сақтаулы. Осы жерде есте болатын нәрсе - Қабанбай батыр мен Бәйжігіт баба заманының арасы алшақ емес, арасында Мәмбет пен Қожағұл екі-ақ ата бар. Осы екі ғасырлық тарихы бар көне мұралардың бірі - "Қабанбайдың жаралмышы" деген хиссаға құлақ түрелік:
"...Мағұлым Бәйжігіттен үш ұл туған,
Жұмық, Тоғас, Һәм Мәмбет күнде думан..."- дейді. Әрі қарай керей еліндегі нағашысына кеткен жас Ерасылды елге қайтару үшін аттанған Бәйжігіт елінің азаматтарына Күшік батырдың берген батасы мынау:
"Үш Бәйжігіт баласын,
Тапсырайық, халайық,
Қабанбайдың қолына..."
Бұдан жүз жыл бұрын Кәрібай ақын ақ патшаның жарлығы бойынша екі баласын майданға әкету қаупі туғанда арғы беттегі нағашысы - Бәйжігіт ішіндегі Сайболат-Шотай Есбай зәңгіні қара тартып барып, сегіз жыл Үш Қарасу деген жерде қыстап қайтыпты. Өз басынан өткен осы оқиғаны ақын былай өрнектейді:
"Салт ат мініп, сабау қамшы ұстап барып, 
Үй көтеріп, алдыма салды малды.
Қонақ деп ортамызда үш Бәйжігіт,
Қадірлеп құрмет тұтты бай мен жарлы...".
Ал, "Ассалаумағалайкум, хан, халайық" дейтін өлеңінде:
"Мәмбет, Тоғас, Жұмықпен,
Үш Бәйжігіт баласы.
Тәрбие беріп өсірген
Мақта апай елдің анасы..." деген.
Біздің өңірде Бәйжігітті Әрімжаннан көп жырлаған ақын кемде-кем. "Тарбағатай, Маңырақ. Туған жер сағынышы" атты өлеңінен:
"Үш Бәйжігіт атамыз - 
Мәмбет, Тоғас, Жұмық-ты.
Үш батырдың тұсында,
Қазаққа аты шығыпты"...
Немесе:
"Ұраным - үш Бәйжігіт, алты Жұмық,
Жұмықтан тарап едік алтау туып...".
"Бір күнде арыстан ек айға шапқан" дейтін жырында:
"Баласы Бәйжігіттің Тоғас, Мәмбет,
Азырақ өлең айтам шамамша әндеп. 
Үлкені баласының Жұмық екен, 
Үй үйлеп, қатын алған бұрын сәндеп..." деп жырлаған.
Осы өлеңнің жалғасы:
"Бес Саты, алты Жұмық, үш Бәйжігіт,
Олқы деп айтпаушы еді бір де бірі..." деп жалғасады.
Өлкетанушы Зайнолла Қайсенов 2007 жылы жарық көрген "Шығыс Қазақстан облысының тарихи очерктерінің "81-бетінде Әрімжан ақын шығарған бір жоқтаудан үзінді келтіріпті. Онда мынадай жолдар бар:
"Жаман, жақсы болса да,
Жан білмей өткен жарасы.
Үш Бәйжігіт қанша елсің,
Мына бір сөзге қарашы"...
Шыңжаң өлкесі қазақтарының арасында тараған көне мұраларды жинап, зерттеушілер Зейнолла Сәнік пен Бейсенбай Садықанның 1991 жылы Алматыда "Жазушы" баспасында басылып шыққан "Қаракерей Қабанбай" дейтін кітабының 49-бетінде: "Бәйжігіттен Жұмық, Тоғас, Мәмбет тарайды..."
Белгілі зерттеуші-этнограф Асқар Игеннің "Сорап" атты жинағында дәл осы пікір арғы бет, бергі бет шежірешілерінің айтуымен әлденеше рет қайталанады.
- 1990 жылы жарыққа шыққан "Қазақ Совет энциклопедиясының" 2-томының 138-бетінде де "Бәйжігіттен Жұмық, Тоғас, Мәмбет деген аталар тарайды" делінген...
- Иә, ол - ресми дерек. Ал З.Қайсенов аталған кітабының 190-бетінде "Шоқан (Уәлихановты айтып отыр) өзінің төрт томдық еңбегінің (1985) төртінші томы 305-313 беттерінде Бәйжігіт елі Мәмбет, Тоғас, Жұмық болып үш рулы елге бөлінгенін... жазады" деп ғалым еңбегіне сілтеме жасапты. Демек, ауыз әдебиетінің үлгілері, ақын жырлары, келтірілген шежіре үлгілері, ғылми зерттеулер әзірше бәрі бірауызды. "Үш Бәйжігіт" деген тіркесті біркісідей шегелеп, бекітіп отыр. Бірақ асықпайық, шежіре деген-шытырман, оның қоймасы ешуақытта бір кілтпен ашылмайтыны белгілі.
- Дегенмен, кей деректерде кездесіп қалатын, Бәйжігіт табының құрамына кірмей, көбінесе қағыс қалып отырған екі ру да өз ағайындарымыз емес пе? Олар жайында қандай дерек бар?
- Сөзді дауылпаз ақын Кәрібай Таңатарұлынан бастайық: 
"Туыпты осы адамнан Жұмық, Тоғас,
Жауабы айтушының емес оғаш.
Екінші әйелінен Мәмбет, Арыс,
Осылай қатар біткен малменен бас"...
Ақынның бұл жердегі сөз ләміне қарағанда Бәйжігіт үшеу де, бесеу де емес - төртеу: Жұмық, Тоғас, Мәмбет, Арыс. Ал енді әлгінде аталған "Сорап" жинағына қайта оралсақ, “Бәйжігіттен Ақбура, Тоғас, Жұмық, Мәмбет туған”. Бәйжігіт мұнда да төртеу. Бірақ бұл төртеудің бірі Арыс емес, Ақбура. Ақбура жастай өліп, одан Ақтайынша деген жалғыз ұл қалған дейді шежіре. Ақтайынша да жастай өліп, одан Әйтімбет (Теке, Қаратеке деп те атайды), Алыс (енді бір нұсқада - Арыс) дейтін екі ұл қалған делінеді. Қолданыста жүрген шежірелерде осы Әйтімбет (Теке, Қаратеке) пен Алыс (Арыс) екеуі Тоғас, Жұмық, Мәмбетпен бірігіп бес Бәйжігіт руын құрайды. Бұл нұсқа бойынша Әйтімбет пен Алыс Бәйжігіт бабаның ұлдары емес, шөберелері.
Бұл жөнінде “Қабанбай батыр” жырына өзек болған мынандай аңыз да бар:
Осы екі ата "қиыр жайлап, шет қонып" жүргенде Алыстың ауылын қырғыз шауып, адамдарын қырып кетіпті дейді. Шапқыннан аман қалған бір ұлды Мәмбеттен туған Өмір батыр тауып алып, атын Қарақұрсақ деп атаса керек. Қарақұрсақ Өмірдің үлкен ұлы Сопақпен еншілес, егіздің сыңарындай болып өсіпті. Бір шежіре бойынша одан Қалтай мен Әлібек туып, оған Әйтімбеттің балалары Жылқыайдар мен Мөңкенің ұрпақтары қосылып Қарақұрсақ деген ортақ атқа ие болған және кейінгі кезге дейін Мәмбеттен, Өмірден тараймыз дейтін болған. Зейнолла Сәнік бойынша Мәмбеттен Өмір, Қожағұл, Күшік, Ақтайынша (Қарақұрсақ). Ал, Қарақұрсақтан Барын, Тілес, Мөңке, Жылқыайдар тарайды. Егер осыған сүйеніп, Әйтімбет пен Алыстың арғы тегі Ақбурадан бастау алады десек, онда Бәйжігіт төртеу болмақ: Жұмық, Тоғас, Мәмбет, Ақбура. Бұлай деу шындықтан алшақ емес. Ал егер Ақбурадан Ақтайынша, одан Әйтімбет пен Алыс (Қарақұрсақ) деп, негізінде Бәйжігіт бабаның немересі болып келетін соңғы екі атаны Бәйжігіт ішіндегі дербес екі рулы ел деп есептеген жағдайда Бәйжігіт бесеу болады - Жұмық, Тоғас, Мәмбет, Әйтімбет, Қарақұрсақ. Бұл Сүлеймен Бекберді ұлының шежіре негізінде жазылған жырында көрініс тапқан. 
Найман тайпасының, оның ішінде Бәйжігіт руының арғы-бергісін қамтитын көлемді оншақты кітап жазып бастырған тарихшы, зерттеуші-этнограф Асқар Игеннің пікірінше, қырғыздардың шабуылына ұшырап, жан басы өспей кенжелеп қалған Қарақұрсақ Мәмбет руының құрамына кіріп, “өздерін Мәмбет руынанбыз” деп есептеген. Уақыт өте, өсіп кемеліне келгеннен кейін Бәйжігіт руларының ішінен өз орнын тауып, шежіресін жинақтап, кітап бастырып шығарып жатыр. 
Осы айтылғандардың бәрін елеп-екшей келгенде, Әйтімбет, Алыс (Қарақұрсақ) пен Мәмбет ішіндегі Өмір ұрпақтары  бірге жасасты, бір тудың астында бірікті. Бәріміз бір Мәмбеттің ұрқымыз десті. Алысы бар, жақыны бар, айнала жұрт бұл түзілімді сөзсіз қабылдады. Осының негізінде Қаракерей Қабанбай батырдың заманынан бергі екі жарым ғасыр ішінде үш Бәйжігіт деген тұрақты сөз тіркесі қалыптасып, шежіре, хисса-жырларда, ғылыми айналымда көрініс тапты. Біз өзіміздің кітабымызға ат қойғанда неше ғасыр бойы тұяғына шаң жұқпаған не түрлі дүлдүлдеріміздің аузымен айтылып қалыптасқан осы тұрақты тіркесті сол қалпында қабылдадық. Оларды айналып өтуге, иә болмаса ол дүлдүлдерімізден асырып айтуға қақымыз да жоқ. Сондықтан, дөп басар дерек болмағандықтан, жебенің ұшын бізге қарай оқтай берудің жөні жоқ. 
Екіншіден, оқырмандардың есінде болса, кітабымызда "Сіргелі Бәйжігіттері" деген тақырыппен Самарқан маңында Қарақұрсақ деген жер атауы бар екенін, демек Қарақұрсақ руы бұл жерге келуі, осы жерде қоныстанып тұруы, уақыттың тағы бір айналымында Ұлы жүздің Сіргелі руымен қол ұстасып, өз тарихын жалғастыруы мүмкін екенін жазғамыз.  Оны айдай ақиқат деуден аулақпыз, бірақ Қарақұрсақ руының тарихи жүрген жолына осы тұрғыдан да көз салуға болатындығын айтқамыз.
Орайы келген соң айта кету керек, "Үкілі найза ұстанған үш Бәйжігіт" -  шежіре кітап емес. Оған кірген әртүрлі эссе, очерк, әңгіме, зерттеулердің басын біріктіріп, кітаптың түпқазығы болып тұрған "Атамыз Тоқтарқожа Шәйбек ханнан" деп аталған тарихи очеркте біз осы Шәйбек ханды іздеуді, оның қай жерде, қай заманда өмір сүргенін анықтауды мақсат еттік. Бұл ізденістен қандай нәтиже шықты - оны осы кітапты оқып шыққан адамның көзі жетеді.
Кітап басылып шығып қойғаннан кейін парсы жазушысы, тарихшы, Герат қаласының тұрғыны З.Васифидің "Таңғажайып оқиғалар" атты шығармасының орысша нұсқасы қолымызға түсті. Ол Шәйбәни ханды осылай  Шәйбек хан деп атайды және оның Гератты алғаны, жергілікті халықпен қалай қарым-қатынас орнатқаны туралы тәптіштеп жазады, өзге деректердегі кейбір пікірлерге өзінше түсінік береді. Зайнаддин Васифи осыдан 500 жыл бұрын өткен бұл тарихи оқиғаны өз көзімен көріп, өз басынан өткізген. Сондықтан, сөзі күмән келтірмейді. 
-Әңгімелескен:
 

Жұмағазы ИГІСІН, 
Өскемен қаласы.

 

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары