Асыл мұрамызда алтын арқау бар

Баршаға белгілі, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы мәйекті ойдың төңірегінде «Мәдениет пен дәстүр – ұлттың генетикалық коды» деген тұжырым санамызда қалыптасып үлгерді. 

Баршаға белгілі, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы мәйекті ойдың төңірегінде «Мәдениет пен дәстүр – ұлттың генетикалық коды» деген тұжырым санамызда қалыптасып үлгерді. Осы орайда ауыл қазағымыздың алтын бесігі, ұлттық қаймақтың ұйытқы мекені деп даңғаралап жатамыз. Ендеше сол қазағымыз тамашалай алатын және рухани азық алатын жағдай тұғызу керек емес пе?!
Қуанышымызға орай Ұлыстың ұлы күнінде Айшабибі орта мектебінде «Қазақшаңыз қалай?» тақырыбымен өзге ұлт өкілдері арасында қазақтың салт-дәстүрлерін насихаттау мақсатында мерекелік кеш ұйымдастырылды.
Мерекелік кешке арнайы қатысқан Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің басқарма басшысы Ақмарал Сванбаева, Жамбыл облысы «Рухани жаңғыру» өңірлік офисінің директоры Зарина Қуатова «Алтын арқаулы асыл мұра» қазақи коворкинг бұрышының ашылуына куә болды. Мектептің екінші қабатынан ашылған бұрыш көз жауын алардай. Төрде қазақтың қара домбырасы, ұлттық нақышта тігілген ою-өрнектер мен киіз үй жабдықтары – бәрі-бәрі ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап тұрғандай. Бұған қоса, қазақша киіммен өнер көрсеткен білім алушылар кештің көркін келтірді. Түрлі ұлт өкілдерінен құралған жастар «Бастаңғы» құрып, «Адай», «Ерке сылқым» күйлерін орындады, ән айтып, мемлекеттік тіліміздің мерейін өсірді. Сондай-ақ қолөнерге жақын балғындар құрақ құрауға, ұршық иіріп, тоқыма тігуге бейімділігін көрсетті. Бұл мектепте оқитын өзге ұлттың балалары да қазақи дәстүр бойынша қонақ келгенде «ауылдың алты ауызын» айтудан сырт қалмады.
Бұл кештен ерекше әсер алып, риза болған қонақтар мектеп директоры Бақыт Шертаеваға, бұрыштың ашылуына мұрындық болған «Айналайын» қоғамдық ұйымының төрайымы Айгүл Разақоваға алғыс айтып, наурызкөжеден дәм татты.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары