АРМАН ҚУЫП АЛЫСҚА АТТАНҒАН КҮН!

Жиырма бесінші мамыр күні ауданның барлық мектептерінде соңғы қоңырау сыңғырлады. Биылғы жылы 11-сыныпты 200-ден аса оқушы аяқтады. Олардың 147-і Бірыңғай ұлттық тестілеуді тапсырады, 2 оқушы үздік аттестат пен «Алтын белгіге» үміткер. Осы мереке күні Ильинка орта мектебінің оқушыларын құттықтау үшін аудан басшысы Мұратбек Әбішев келді. Салтанатты іс-шараға «Ильинское» ЖШС-і басшысы Александр Бурлев та қатысты.

Сәнді киінген мектеп бітіруші түлектер, толқыған бірінші сыныптықтар және оқушылардың ата-аналары. Ильинка орта мектебінің ғимаратының алдындағы алаңда халық көп және көңілді болды. Музыка ойнап, ән шырқалып, бәрі бір-бірін құттықтап жатты. Ең кішкентай мектеп оқушылары өздері дайындаған тақпақтарын мұғалімдерінің қолдауымен қайталап тұрды. Міне, көптен күткен сәт те жетті: жүргізушілер іс-шараның басталғандығын жариялап, алаңға сәнді киінген, бақытты 2018 жылдың түлектері шықты.

Аудан әкімі Мұратбек Әбішев барлық оқушыларды кезекті оқу жылының аяқталуымен құттықтап, осы жылғы түлектерге ерекше құттықтау сөздерін арнады. Аудан басшысы өз сөзінде бүгінгі күні бүкіл әлемде табыс пен жетістік – өмір бойына білім алу мүмкіндігімен анықталатындығын айтып, түлектерге соңғы қоңыраудың олар үшін тек тағдырдың қызықты сабақтары арасындағы үлкен өзгерісті білдіруін тіледі. «Қазір сендердің басты міндеттерің – болашақ мамандықты таңдау және ҰБТ, - деп жалғастырды сөзін Мұратбек Жапасұлы. – Бұл күні кішкентай кездеріңнен ересек өмірге дейін сендермен қатар келе жатқан ата-аналарға, білім беріп, тәрбиелеп және өздерінің білімдері мен өмірлік тәжерибелерімен бөліскен ұстаздарға алғысымызды білдіргім келеді».

Сонымен қатар Мұратбек Әбішев «Ильинское» ЖШС-і директоры Александр Бурлевқа мектепті жөндеуге қосқан айтарлықтай көмегі үшін алғыс айтты. «Екі жыл бойына мемлекеттік-жеке серіктестік негізінде біз сіздердің білім ордаларыңызға шатырын жөндеп, терезелерді ауыстырып, жылу беру жүйесінің жұмысын жақсартып, ғимарат алдындағы алаңды кеңейтіп көп көмек жасадық, - деді Мұратбек Жапасұлы. – Бұндай мысалдар өте көп болуы қажет. Мен мектеп бітіруші түлектер мен осы мектеп қабырғасында білімдерін жалғастыратын оқушылардың арасында өздерінің шағын отандарының және Қазақстанның патриоттары аз еместігіне сенімдімін. Мен бәріне өз жанұялары мен өз Отандарының игіліктері үшін еңбек етулерін тілеймін. Сонда елімізде шиеленісті жағдайлар ешқашан да болмайды».

Аудан әкімінің сөзінен кейін мектепке телевизор сыйға тартты.

Бұдан соң директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Жеңісгүл Смағұлова осы оқу жылын «жақсы» деген белгіге аяқтаған оқушыларды жариялады. Бұл жолы барлығы 22 марапаттау қағазы тапсырылды.

Бұл күні соңғы қоңырау мерекесінің құрметіне мектеп директорының міндеттерін атқарушы Рүстем Есжанов, осы жылғы мектеп бітіруші түлектердің алғашқы мұғалімдері Татьяна Васильевна Ефименко, сынып жетекшілері Наталья Куприянова және Қаппас Нұрдәулет, ата-аналар оқушыларға өздерінің жүрекжарды тілектерін арнап, Ұлттық бірыңғай тестілеуді жақсы тапсыруларын тіледі. Мерекеде дәстүрлі «шашу» да болды: түлектердің әжелері бәріне тәттілер мен алмадан шашу шашты.

Сонымен қатар мектеп бітірушілерге ең кішкентай оқушылар – бірінші сыныптықтар да құттықтау тақпақтарын айтып берді. Тоғызыншы сынып оқушылары да тыс қалмай әр түлекке жеке арнаған өлеңдерін оқыды.

Содан кейін болған соңғы мектеп биінде түлектер әсерлі биледі. Міне, бар іс-шараның толғандырар сәті – соңғы қоңырау соғу да келіп жетті. Қоңырауды соғу құрметі 11-сынып оқушысы Карина Башеноваға (үздік аттестатқа үміткер) және 1-сынып оқушысы Амангелді Сұлтанға, сондай-ақ Карина Нұркеева мен бірінші сынып оқушысы Сәулет Әбілжанға берілді.

Салтанатты іс-шара аяқталса да, үйге кетуге ешкім де асықпауда: әрқайсысы естелікке суретке түсуде.

Түлектер алдында күрделі де жауапты міндет – Бірыңғай ұлттық тестілеу, содан кейін Қазақстанның жоғары оқу орындарына түсу тұр. Біреулер мамандықтарын әріден таңдап қойса, біреулері әлі де ойлануда. Карина Башенова Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне түсіп, болашақта орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болуды армандауда. Тоқай Ақсейіт те осы университетке түсуді жоспарлауда. Оның таңдауы – экономикалық факультет.

Ильинка орта мектебінде мектеп бітіруші түлектер балы 15 маусымға дейін өтеді, содан кейін салтанатты жағдайда түлектерге оқу бітіргендіктері туралы аттестаттар тапсырылады. Бірыңғай ұлттық тестілеу маусым айының жиырмасынан кейін өтуі қажет.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары