Ардагердің жолы – кейінгі ұрпаққа үлгі

Жеңіс күні. Бұл күн – халықтың ерлік, батырлық, шыдамдылық және табандылық  белгісі  болып тарихқа енді. Осы күні фашистерге қарсы кескілескен күресте ерліктің үлгісін көрсетіп, Отанымызды қорғап, жерімізде бейбітшілік пен тыныштықты орнату үшін қасық қаны қалғанша күрескен біздің майдангерлерді, аға буынымызды айрықша, шексіз құрметпен мақтан тұтамыз. Ардагерлер өткен  жол – ерліктің және Отанға, өз халқына деген шексіз жанқиярлықтың үлгісі. Олар жастарға осындай қасиеттерді үйретеді.

Біз аталарымыз бен әкелеріміздің ерліктерін ұмытпай, одан әрі немерелеріміз бен шөберелерімізге жеткізуіміз керек. Жадымызда жатталған бабалар ерлігі бізге жер бетінде бейбітшілікті сақтап, балаларымызды тәуелсіз Қазақстанның патриоттары етіп тәрбиелеуге мүмкіндік береді.

Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданының Өрт сөндіру  қызметкерлері  Ұлы Жеңістің 73 жылдық мерекесінің қарсаңында соғыс және еңбек ардагерлерін қолдау акциясына белсене қатысты. Тайынша қаласының тұрғыны, Ұлы Отан Соғысының және өрт сөндіру қызметінің ардагері   Перфильев Петр Федорович  ерекше сый-құрметке бөленді

Петр Федорович 1926 жылы 28 қарашада Солтүстік Қазақстан облысы Приишим ауданы Новоникольск селосында туған. Отбасында  бес  бала болды, жастық шағынан өмірдің қиындықтарын басынан өткерді. 17 жасқа толмаған  бозбала 1943 жылы әскер қатарына шақырылды. Жас жауынгер курсын аяқтаған соң, майданға аттанды.  Волхов және 4-Украин майданы құрамында еліміздің қалалары мен селоларын, сонымен қатар Прага қаласын  азат етті. Жеңіс хабар жеткеннен кейін, майдандастарымен бірге, 71-дивизия құрамында, батыста жаулармен күресті жалғастырды.1950 жылы өз еліне оралғанда,  анасы мен үш әпкесі қарсы алды. Петр Федорович 20 жылдан астам Красноармейск қаласында  өрт сөндіру  бөлімінде қызмет етті, ал 1986 жылдың қараша айынан зейнеткерлік демалыста. Ерен еңбегі мен ерлігінің айқын дәлелі оның наградалары:  Қызыл Жұлдыз орден, ІІ Дәрежелі Отан соғысы ордені, «Ерлігі үшін» медалі және тағы басқа мемлекеттік марапаттары бар.

Біз Отан қорғаушылар алдында бас иеміз және олардың алдында мәңгілік борыштармыз. Ұлы жеңіс мерекесі қарсаңында Төтенше жағдайлар департаменті ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Увалиев және Облыстық төтенше жағдайлар департаменті кадр бөлімінің бастығы С.А. Сақабаев  бастаған №17 өртсөндірушілер бөлімінің ұжымы Ұлы Отан соғысының ардагері Перфильев Петр Федоровичпен кездесіп мерекемен құттықтады. Сонымен қатар, «100 лет Пожарной охране» төсбелгісімен марапаттады.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары