АҚЫНҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ

Жезқазған бизнес және көлік колледжінде ақын, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, Қазақстан Жазушылар одағының, Журналистер одағының мүшесі Ғазиз Ештанаевтың «Жанында – әлем, жанарында – шартарап...» атты шығармашылық кеші өтті.

Кеште ақын шығармашылығы мен өміріне қатысты салиқалы сұхбат құрылып, бүгінгі әдебиеттің беталысы, әдеби ортаның ахуалы, кейінгі буынның шығармашылық әлеуеті туралы әдемі әңгіме өрбіді.

Алпысты алқымдаған ақынның кешіне әріптестері, аймағымыздағы шығармашылық интеллигенция өкілдері келіп, ыстық естеліктерімен бөлісіп, жылы лебіздерін арнады. Ақын, Қазақстанның құрметті журналисі Батырбек Мырзабеков Ғазиз Ештанаевтың өлеңдеріндегі өзгеше өрнектерді дөп басып, тізіп берсе, әдебиетші-ғалым, аудармашы, драматург Кенжебай Ахметов Ғазиз Елеусізбайұлының ғалымдығына тоқталды. Шәкірті Алмагүл Үмбетова ұстаздық еңбегі туралы ойларын ортаға салды. Ардагер журналист Көбейсін Еңсебаев, Қазақстанның Халық әртісі, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Досжан Жанботаев, ақындар Мұса Тілеуов, Зинаида Чумакова, Жезқазған қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Салтанат Нұрлыбаева, «Дидар» телеарнасының директоры Базарбай Әлеуханұлы, журналист, «Шындық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абдолла Дастанов, тарихи-археологиялық музей басшысы Раушан Қапарова, ақын шығармашылығымен етене таныс басқа да азаматтар кеште сөз алып, Ғазиз Ештанаевтың шығармашылық, ұстаздық, ұйымдастырушылық қырларын ашатын келелі әңгіме өрбітті. Кеш иесіне сый-құрмет көрсетті.

Кеш соңы дастархан басындағы әдемі отырысқа ұласты. Елге танымал меценат, Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты Бекзат Алтынбеков ақын Ғазиз Ештанаевтың арқасына шапан жауып, шығармашылық жұмысына табыс тіледі.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары