Ана тілім – ең асыл құндылығым

Тіл – халықтың алтын діңгегі. Өзін-өзі білетін әр халық алдымен өзінің туған тілін сыйлап, мақтан тұта білуі керек. Өйткені халықтың даналығы, жырлары, шежіресі сол халықтың тілінде жазылады. Тіл – қай ұлтта болса да қастерлі, құдіретті ұғым. Ол әр адамның бойына ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады. 

Әрбір азаматтың ана тілін қастерлеуі оның мемлекеттің биік мәртебесіне қатысты қоғамдық көзқарас пен қамқорлығына да тікелей байланысты. Сондықтан әркімнің өз ана тілін құрметтеуі тек анасының ақ сүтін өтеу ғана емес, қоғам алдындағы азаматтық абзал парызын ақтау, сол арқылы елдің елдігін сақтау болып саналады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халықтың болашағы туралы тереңнен толғай отырып, «Мемлекеттің ең басты дүниесі тек қана байлық емес, сонымен қатар ана тіліміздің болашағы» деген болатын. Ана тілі – алтын қазына, ана тілін қадірлеу, беделін нығайту – біздің парызымыз.
Қазіргі уақытта әлемде мыңдаған тілдер бар. Өкінішке орай, олардың саны жылдан жылға азайып келеді. Сондықтан әр адам өз ана тілін бағалап, сақтауы тиіс. Өз ана тілінде таза сөйлейтін азаматтар елінің тарихын, мәдениетін, әдебиетін, салт-дәстүрін құрметтейтінін көрсетеді. Кейбір азаматтар басқа ұлттардың мәдениетін, дөрекі сөздерін қолдана отырып, өз халқының барлық құндылықтарын төмендетеді. Тіл – Алла тағаланың адамдарға берген сыйы. Сондықтан өз ана тілімізді шұбарламай таза сақтап, қадірлеуіміз керек. Ана тілі – біздің мәдениетіміздің өте маңызды бөлігі.
Қазақ тілі – өте бай тіл. Әрбір азамат өз ана тілін сақтауға, оны дамытуға тырысуы керек. Ана тілімізді бұрмалап, сөздерін өзгерту арқылы тілімізге зиян келтіріп жататындар да бар. Әсіресе бұндай әрекетке жасөспірімдер барады. 
Қазақ даласының ұлы тұлғалары Абай Құнанбаев, Шәкәрім Құдайбердиев, Мұхтар Әуезов, Махамбеттер сөйлеген тілді сүймеу мүмкін емес. Тіл қаншалықты бай болса, ұлт та соншалықты бай болады. Оның көмегімен халықтың тарихы, әдет-ғұрпы және салт-дәстүрі ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырады. Тіл айналадағы дүниені тануға көмектеседі. Тілдің арқасында адам қоғамның бір бөлігі бола алады. Ауызша және жазбаша сөйлеудің пайда болуы әлемнің қалыптасуына үлкен әсерін тигізсе, біздің ата-бабаларымыз бір-бірімен байланысу үшін жаңа сөздер ойлап тауып, ұрпақтан-ұрпаққа аманат етіп қалдырды. Ана тілі – халықтың рухани мұрасы, оның тазалығы мен сұлулығына қамқор балайық.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары