Әлемнің екінші ұстазы

Таяуда газетіміздің тілшісі Ақжігіт Жетпісбай Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы аясында Жамбыл облысы жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Әлемнің екінші ұстазы» тақырыбындағы шығармалар байқауының жеңімпазы атанды. Әріптесімізді марапатымен құттықтай отырып, төменде байқауға ұсынылған мақаланы жариялауды жөн көрдік.

Әр қазақ баласы ұлт болашағы жолында қалтқысыз қызмет еткен, ғасырлар еншісінде құнын жоғалтпас мұра қалдырған сайын даланың ғалымдары мен ақындарының, жазушылары мен оқымыстыларының алтынға бергісіз еңбектеріне көз жүгіртіп, ой түйер болса, қоғам ізгілік пен жаңашылдықтың сара жолына түсер еді. 
«Келер жылы аталып өтетін маңызды мерейтойлар мен елеулі оқиғаларға дайындық жұмыстары басталды. Ендігі жылы бәріміз Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойларын атап өтеміз. Мерейтой барысында ысырапшылдыққа жол бермей, ғұлама тұлғаларымыздың еңбектерін халық арасында дәріптеуіміз керек. Ел өміріндегі осындай елеулі оқиғалар жас ұрпақты нағыз отаншылдыққа тәрбиелеуге жол ашады деп сенемін» делінген Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2019 жылдың 2 қыркүйегіндегі «Қоғамдық сындарлы диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында.
Қаймана қазақтың тұңғыш ғалымы, ойшыл перзенттерінің бірі – Әбу Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед Тархан ибн Узлағ әл-Фарабидің трактаттары мен шығармалары әлем халықтарының әдебиетінде ойып тұрып орын алғаны әмбеге аян. Ұстаздың дүниетанымының байлығы, білімге, ғылымға деген құштарлығы һәм ыждаһаттылығы, әр салада жазған еңбектері, философиялық ойлары бүгінгі таңда тарихи құжатқа айналған. Ел басқару ісіндегі тұжырымдары, әлеуметтік-этикалық, саяси көзқарастары жұмыр жердің желкенін ағысқа қарсы байлаған алпауыт мемлекеттер үшін теңдесі жоқ жәдігер екендігі даусыз. Парасат падишаһы атанған әл-Фараби алғашқы уақытта философ ретінде қараша халыққа таныла бастады. Ол Аристотель, Платон секілді даналықты сиясымен толтырған алыптардың шығармалары туралы түсіндірмелер жазды. Əл-Фараби қарапайым тұрмыс кешті. Ол азықты ғылымнан тапты. Майшамның жарығы сөнбес үшін еңбек етті. Түн баласы қаламын серік етіп, таным өрісін одан əрі кеңейтіп, білімін молайта түсті. Жұмыр жерге мәшһүр болған ойшыл қазақ жерінде туып-өскен. Дархан даламыздың тарлан тарихын бүге-шүгесіне дейін саралап, зерттеген кемеңгер тұлғалардың деректеріне сүйенсек, біз әл-Фарабидің қазақ жерінде, Отырар қаласында (Арыс өзенінің Сырға барып құятын сағасы) дүние есігін ашқанын білеміз. Осы орайда Отырар қаласының арабша мағынасы Фараб екенін де қаперге алған ләзім. 
Әбу Насыр әл-Фараби 870 жылы әскери қызметкердің отбасында өмірге келеді. Бұл Отырар қаласының шарықтап даму тұсы еді. Жұмыр жердің екінші ұстазы деп танылған Әбу Насыр «Мемлекеттік қайраткердің нақыл сөзі» атты еңбегін Бағдат қаласында жазып, 942-943 жылдары Дамаскіде аяқтайды. Біз жоғарыда айтылған ел басқару саясатындағы теңдессіз кітаптардың бірі осы еді. Еңбектерінің алғашқы легі Еуропада басылып, кейін басқа тілдерге аударыла бастады. Ең алғаш еврейлер өз тіліне аударып, оқулыққа енгізген. Фараби лингвистика, философия, этика, эстетика, логика, поэзия, музыка, саясат, социология, химия, медицина, физика, астраномия, космология, астрология, математика, география саласын зерттеген, әмбебап ғұлама болған. 
1968 жылдың 28 қыркүйегінде қазақ ғалымдарының ішінде әл-Фараби мұрасын алғаш зерттеушілердің бірі, фарабитанушы Ақжан Машанов еді. Ол ғұламаның зиратына арнайы барып, соқа тимеген еңбектерін шолып қайтса, 1982-1998 жылдары Қазақстандағы Философия және саясаттану институтының фарабитану секторы ойшылдың мұраларын зерттеп, профессор М.Бурабаевтың жетекшілігімен бірнеше ұжымдық монографиялық туындыларын жарыққа шығарды. Сонымен қатар ғұламаның «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары», «Риторика туралы», «Ғылым туралы», «Зерде мен ақылмен танылатын нәрсе туралы», «Философияны зерттеу үшін нені білу қажет», «Мәселелердің мәні», «Азаматтық саясат», «Музыка туралы үлкен кітап», «Философиялық», «Математикалық», «Әлеуметтік-этикалық» трактаттары әлем оқулықтарында оқытылып, мемлекетті тиімді басқару жүйесінде де қолданылуда. Шығыс пен батысты терең білімімен таң қалдырған, 70 тілді еркін меңгерген әл-Фарабидің 150-ге жуық шығармасынан бізге 40-қа жуығы ғана жетіп отыр. Ол өзінің нақыл сөздерінде білім, ғылым, адалдық, парасаттылық, адамгершілік турасында айтқан. Мысалға: «Еліңнің болашағын білгің келсе, маған жастарды көрсет, сонда болашағыңды болжаймын» деп ғұлама жастардың қоғамдағы орнын бағзы заманда-ақ шегелеп кетсе керек. 
«Философияның дінге қатысы» атты еңбегінде Әбу Насыр «Мейірімді, мейірбан Аллаһ үшін» деген сөздермен бастауы да кездейсоқ емес. Философ қара қылды қақ жарған Ислам дінін уағыздаушы, жете түсін­дірушілердің қатарынан болды. 
Дара дарынның иесі Әбу Насырды заманының белгілі ғұламасы (кейбір деректерде араб жылнамашысы Ибн Халикан деп келеді) сөзге тартып:
– Айтыңызшы, ой жүгіртсең тұңғиыққа тап болатын философия саласында кім озат, сіз бе әлде ұлы Аристотель ме? – деп сұрапты. Сонда Әбу Насыр:
– Егер мен сол кісінің өзінен білім алу бақытына ие болғанымда, сөзсіз үздік шәкірттерінің бірі болар едім, – деп жауап қайтарған екен.
Немістің шығыстанушы ғалымы А.Мюллердің әлемнің екінші ұстазы туралы «Бүкіл мұсылман шығысының ұлы ойшылы әл-Фараби грек философиясының түпсіз қырларына дейін бойлап, байыбына жетті. Сондықтан да шығыста философияны ғылыми зерттеудің шын мәнінде бастаушысы кім дегенде, басқа ешкім де емес, тек соның есімі аталуы қерек» деген салмақты сөзі ұстаздың әлем әдебиетіндегі менмұндалаған орнын көрсетіп тұрғандай. Тағы бір айта кететін жәйт, ғалымның 1100 жылдығына орай ЮНЕСКО шешімі бойынша Алматыда халықаралық конференция өткізілген.
Тәңір сыйлаған ұлы адам Әбу Насыр әл-Фараби 950 жылы Шам шаһарында қайтыс болады. Оның табыты Сириядағы Баб ас-Сағир қорымында жатыр. Мұралары өскелең ұрпақтың бағыт-бағдары екені сөзсіз. Десе-дағы бабалар аманатын кеңінен насихаттап, өмір жолынан өнеге алатын ұрпақ көбейсе, мәртебеміз биік болар еді. «Мен елімнің әрбір қара тасын құрметтеймін» дегендей, біз ойшылдарымыздың әр сөзімен мақтануымыз қерек.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары