Әкім шыршасы шаттыққа бөледі

Жаңа жыл – әсіресе балалар үшін асыға күтетін мереке. Мерекелік қойылыммен өріліп, түрлі сый-сияпаттармен толығатын дәстүрлі шырша тойы биыл да ерекше мағынада өтті.

Аудандық «Білім бөлімі» мемлекеттік мекемесі, «Ө.Жаңабаев атындағы орта мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ұжымы және «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен аудандық мәдениет үйі мен «Сарытау» мейрамханасында аудан әкімінің жаңа жылдық шыршасы өтіп, барша баланы қызық-қуанышқа кенелтті.

Аталмыш шараға ата-ана қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған, көпбалалы отбасылардың балалары мен мүмкіндігі шектеулі балалар шақырылды. Көңілді өрбіген мерекеге аудан мектептерінен 100-ге жуық бала жиналды. Түрлі ертегі кейіпкерлерінің бейнесіндегі жаңа жылдық костюмдер киген балақайлар алдында кең сахнада мерекелік қойылым шымылдық түрді.

Аудан әкімі Талғат Байедилов 34 әлеуметтік санаттағы, 44 мүмкіндігі шектеулі балаларға жаңа жылға сыйлықтар, сырт киімдер мен түрлі ойыншықтар таратты. Аудандық мәслихат хатшысы Нұрбай Советов, ақсақалдар алқасының төрағасы Сабыр Досымбеков және ауданның Құрмет азаматы, зейнеткер Халық Зықаев ағаларымыз бөбектерге жаңа жылдық жылы лебіздерін білдірді.

Әкім шыршасы әртүрлі кейіпкерлер қатысқан музыкалық композициямен өріліп, думанға айналды. Сахна төрінде әсем әндер айтылып, көз тартар көрініске толы қойылымдар орындалды. Шара соңы балаларға арналған дастарханмен аяқталды.

Ыстық ықылас, жылы пейіл, көл-көсір қуанышқа толы әкім шыршасының барша балақайға ерекше шаттық сыйлағаны анық.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары