Айтулы мейрамды атап өтті

Ғасырлар бойы бейбітшілікті ту етіп келе жатқан Наурыз мейрамы – елімізде мекендейтін барлық ұлт пен ұлыстардың ортақ мерекесі, ырыс-құттың бастауы. Бірлігі бекем, ынтымағы жарасқан, өзара тату тұратын біздің ауданның тұрғындары айтулы мерекені көтеріңкі көңіл күйде атап өтті. Барлығы ұлттық нақышта киінген. Ер азаматтар басына бөрік, үстіне зерлі шапан кисе, нәзік жандылар кимешекпен әдемі көрінді. Бір-бірін мерекемен құттықтап, жылы лебіздерін, ақжарма тілектерін білдіріп жатты.

Ұлыстың ұлы күні аудандық «Бәйдібек» мешітінен басталды. Әуелі аудан әкімі Сәкен Арубаев бастаған басшылар мен ардагерлер мешітке кіріп, ауданның бас имамы Ғайырфулла қажы Әмірбеков оқыған құранға қол жайды. Артынан ардагер ұстаз Алтынхан Сапарбеков бата қайырып, еліміз аман, жұртымыз тыныш, бейбітшілік заман болсын деп тілек білдірді.
Мұнан соң Сәкен Қаланұлы аудан ардагерлерімен бірге мешіт ауласына туя ағашының көшетін отырғызды. Өзге де басшылар игі істен тыс қалмай, тал екті.
Бұдан кейін өңір басшысы бастаған топ аудандық Мәдениет үйіне қарай бет алды. Мекеме ауласында жиналған жұртшылықпен бас қосты. Аудан өнерпаздарының арнайы дайындаған мерекелік концерттік бағдарламасын бірге тамашалады. 
«Дарын» халық театрының әртістері режиссер Әмірхан Қошмановтың жетекшілігімен «Төрлет, әз Наурыз» атты театрландырылған қойылымды сахналады. «Аса сазы» фольклорлық ансамблі «Шахристан» шығармасын, «Шашбаулым» әнін нақышына келтіре орындады. «Аса сазы» бишілері «Қазақ» биін мың бұрала биледі. Жергілікті әншілер – Ж.Қалтешов, А.Беккулиев, С.Тәңірберген, Н.Оспанов, Н.Исаева, Ж.Таласбай, Ж.Жандаралиев «Ауыл жатыр той жасап», «Қазақта болсын тағы той», «Наурыз көктем», «Ақбұлақ», «Наурыз-думан», «Наурыз» әндерін шырқады. Сондай-ақ, облысқа танымал «Әдемі-ай», «Мерей-Жәнерке» дуэттері, «Салбұрын» триосы әсем әндерін әуелетті. Көрермендердің өнерпаздарға деген ықыласы ерекше болды. Оларға сәт сайын қошемет көрсетіп отырды.
Жұртшылық арнайы құрылған сегіз қанатты киіз үйге кіріп, аудандық тарихи-өлкетану музейінің қазақтың ұлттық-мәдени тарихынан сыр шертетін көне жәдігерлерді насихаттау, өшпес мұраларымызды дәріптеу мақсатында ұйымдастырған көрмеге үңілді. Көрмеге аудан аумағынан табылған ескі жәдігерлер қойылған.
Киіз үйдегі көпшілік ұлттық дәстүріміздің бірі саналатын «Тұсаукесер» рәсімін тамашалады. Әрі қарай аудан әкімдігінің бөлімдері бірлесіп тіккен шатырға барып, наурызкөжеден дәм татты.
Мереке аудандық бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығында жалғасын тапты. Спорт кешенінде аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен ересектер және жастар арасында дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ, ләңгі, арқан тартыс, асық атудан жарыстар өтті. Жасөспірімдер арасында кіші футболдан аудандық турнир өткізілді. Доп додасына қатысқан «Аса-1» бірінші, «Бірлесу-Еңбек» екінші, «Қаракемер» құрама командасы үшінші орынды иеленді.
Бұдан бөлек, орталық ауласында аудан ардагерлерінің атсалысуымен туя ағашының көшеттері отырғызылды. Жергілікті жұртшылыққа наурызкөже таратылды.
Бірнеше ай бұрын ашылған Жамбыл аудандық білім бөліміне қарасты «Техникалық шығармашылық және кәсіби бағдар беру орталығы» да Наурыз мейрамын атап өтті. Орталық ауласында сегіз қанатты киіз үй құрылып, ішіне қолөнер туындылары қойылды. Онда болған жұртшылық әніне салып диірменін айналдырған әжелерге, күбісін піскен жеңгелерге, ұлттық нақыштағы қолөнер туындыларына, теріден және ағаштан жасалған бұйымдарға назар салды. Мерекелік дастарханға жайғасып, наурызкөже ішті. М.Төлебаев атындағы балалар өнер мектебі өнерпаздарының концерттік бағдарламасын тамашалады.
Күн мен түннің теңеліп, табиғат оянып, тіршілік қызатын шақта өмір баяғы қалпына қайта оралады деген үміт зор. Сол күні көпшіліктің көкейінде жүрген ізгі тілек осы болды.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары