Әдебиет әлемінде із қалдырған

Әдебиет әлемінде өзіндік із қалдырған қарымды қаламгер, драматург, журналист Бек Тоғызбайұлы 1936 жылы 10 ақпанда Балқаш көлінің оңтүстік-батыс жағалауындағы Көккөл ауылында дүниеге келген. 

1952 жылы Қазақ мемлекеттік университетіне түсіп, оны журналист мамандығы бойынша үздік белгімен тәмамдаған. Төртінші курс студенті кезінде республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетіне қызметке шақырылып, 1958 жылдың көктемінен бастап сол газетте әдебиет және өнер бөлімін басқарады.
1964-1969 жылдары «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат») журналында бөлім меңгерушісі, 1969 жылы қазіргі «Жалын» журналында бас редактордың орынбасары, 1970-1975 жылдары Қазақ КСР Мәдениет министрлігінде басқарма бастығы және коллегия мүшесі, 1975 жылы Қазақстан Кинематографистер одағы басқармасының ұйымдастыру жөніндегі хатшысы болып қызмет атқарады.
Алғашқы әңгімелер жинағы 1960 жылы «Жаңбырлы күз» деген атпен жарық көрген. Содан бері «Үміт», «Алдыңғы толқын», «Асыл адам айнымас», «Боз жорға», «Намыс», «От пен күл», «Шалғайда», «Өмір-өзен», «Тарихтың ашылмаған беттері» және басқа кітаптары жарық көреді.
Орыс тілінде «На свадьбе», «Честь», «Далеко в степи» атты жинақтары басылып шыққан. Жекелеген шығармалары бірқатар шетел тілдерінде жарияланған.
Тарихтың ақтаңдақ беттерін қайта ақтаруға көп ықпалын тигізген қаламгер әдебиетті дамытуға сіңірген еңбегі үшін 1986 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің, 1996 жылы Қазақстан Республикасы Парламентінің Құрмет грамоталарымен, 2000 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Жазушының туғанына 85 жыл толуына байланысты аудандық орталық кітапханалар жүйесінде «Ұлттың ұлы жазушысы» атты еске алу кеші №1 орта мектеп оқушыларының қатысуымен өтті.
Шығармашылық кешке драматургтың портреті, өмірбаяны, көптомдық шығармалар жинағы қойылды. Қызмет көрсету бөлімінің кітапханашысы Құралай Асхатаева жазушының «Әкеден ұл туса» романымен таныстырды. 
– Роман халқымыздың біртуар перзенттері Мұхамеджан Тынышпаев пен Ораз Жандосовтың жалын-отты жолдарынан там-тұмдап сыр шертеді. Кеңестік кезеңнің келеңсіз кертартпа тұстарын ашық айта келе, солақай саясатшы Голощекиннің сиықсыз бейнесін суреттеп, әшкере етеді. Сонымен қатар тарихтың ақтаңдақ беттерін қайта ақтаруға көп ықпал жасайды, – деді ол.
Ал, қызмет көрсету бөлімі­нің кітапханашысы Ақдана Құрымбаева «Өмір-өзен», «Қамауда» таңдамалы 2 томдық шығармасын, «Әкең де бала болған», «Боз жорға» повестер мен әңгімелер жинағын көпші­лікке таныстырып, шолу жасады.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары