Абайтанушылар — білім ордасында

Абай Құнанбайұлы – өз заманының парасат иесі ғана емес, бүгінгі заман қайшылықтарын шешуге де бағыт-бағдар берген биік тұлға. Ақынның адамгершілік мұраттары тек өлеңдерінде ғана емес, қара сөздерінде де терең философиялық көрініс тапқан.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Абайды терең тануға баса мән бергеніміз жөн. Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы. Адамның өзін-өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі. Интеллектуалды ұлт дегеніміз де – осы. Осыған орай Абай сөзі ұрпақтың бағыт алатын темірқазығына айналуы қажет» деп жазады.
Жуырда Ә.Әйтиев атындағы орта мектепте Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай қазақ тілі мен әдебиеті пәні бірлестігінің ұйымдастыруымен «Әлемге танылған Абай» атты кездесу кеші өтті. 
Танымдық кездесуге Абайдың болмысы мен шығармашылығын бүге-шүгесіне дейін зерттеген Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты, абайтанушы, ғалым Рахат Саламатова мен М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты, абайтанушы, ғалым Темірбек Мұқашев арнайы келіп, қазақ даласының данасы атанған Абай Құнанбайұлының өлеңінде, қара сөздерінде жасырылған теңіздей тұжырымдарды саралап, философиялық ойларын білдірді. Оқушылардың сұрақтарына толымды жауап қайтарып, пайымды пікірлерімен бөлісті. Ұлы ойшылдың туындылары қазақ руханиятының қайнар бұлағы, ұлт тәрбиесінің өзегі екенін атап көрсетті.
Өз кезегінде мектеп оқушылары ақын өлеңдерін оқыды. Атап айтар болсақ, Ердалы Досмұхаммед «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін», Алдияр Тамабек «Қалың елім қазағым, қайран жұртым», Абдулбари Сапыбек «Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап», Несібелі Якупова «Тұла бойың ұят-ар едің», Жанерке Еркебек «Жазғытұры», Шұғыла Сәмен «Күз», Қажымұқан Зиятбек «Жігіт сөзі», Нұржас Қабыл «Татьяна сөзі», Айзат Байсейт «Жапырағынан айырылған ағаш-қурай», Гүлзат Қордабай «Жасымда ғылым бар деп ескермедім», Ақниет Алтынбек «Заман ақыр жастары» өлеңдерін нақышына келтіре орындаса, сахнаға көрік берген «Балапан» шағын орталығының бүлдіршіндері Аяулым Зиятбай мен Ұлбосын Сәрсенбай ақын туындыларын жатқа айтты. 
Білім ордасының ұстаздары да ақынға деген риясыз сезімін, мұнтаздай көңілін «Көзімнің қарасы» әнімен жеткізді.
Ұлы ойшылдың өлеңдерін естіп, оқушылардың талабына риза көңіл танытқан абайтанушылар керемет әсер алғандарын айтып, мектеп ұжымына алғысын білдірді.
Тағылымды кездесуге аудан әкімдігі білім бөлімінің әдіскері Айгүл Бақытжанқызы мен мектеп директоры Гүлсім Әскербекқызы қатысып отырды.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары