Абай идеяларына негізделген жөн

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында хакімнің тұңғиық ойларының тереңіне бойлау, оны күллі өмірінің бағдаршамы ету – қазақ халқының мәңгілігінің мәңгілік мәселесі екенін айтты. Қасым-Жомарт Кемелұлы ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойы – той тойлау үшін емес, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін керектігін ұғындырды.

Абайдың өмірлік асыл мұраты елді түзету, ұлтты тәрбиелеу еді. Абай адам баласының рухани кемелденуі туралы Батыс пен Шығыс философиясын, Конфуций сынды ой алыптарын толық зерттегеннен кейін өзінің «Толық адам» ілімін қалыптастырды. Адамзат баласына «Адам бол!», адамдық қасиеттеріңді өміріңнің соңына дейін сақтай біл деп ұран тастады. Абай өзінің бүкіл болмысын, ой қуаты мен ақындық күшін адам бойындағы кісілік пен адамгершілікті, білім мен парасатты, әділеттілік пен қайратты, ел қамын, қала берді, бүкіл адамзат қамын жейтін кемел тұлға, «Толық адамды» тәрбиелеу жолына жұмсады. Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ сынды күллі рухани кеселдерден аулақ болуға шақырды. Хакім Абай үшін адамды жаратқан Алла болғандықтан, «Адамды сүю, Алланың хикметін сезіну» оның адамдығын анықтамақ. Міне, осы тұрғыдан келгенде Абайдың педагогикалық ілімі қай елдің де ұрпақ тәрбиелеу ісінде басшылыққа алып, тәжірибесіне енгізуге тұрарлық ескірмейтін ілім.
Президент ұлы Абайдың тағылымы арқылы қазақстандық қоғамды ізгілендіру мәселесін астын сызып көрсетті. «Абайдың «Толық адам» концепциясы, шындап келгенде, өміріміздің кез келген саласының, мемлекетті басқару мен білім жүйесінің, бизнес пен отбасы институттарының негізгі тұғырына айналуы керек», – деді.
Ұлттық болмысымызды қалыптастыру ең алдымен балабақша мен мектептен, білім беру ісі мен тәрбиеден басталатыны түсінікті. Жасыратыны жоқ, қазіргі жастарымыздың сана-сезімі мен болмысына батыс мәдениетінің ықпалы артып, ұлттық құндылықтардың әлсіреу тенденциясы бар. Міне, сондықтан да тәрбие беруде Абайдың «Адам бол!» қағидасын басшылыққа ала отырып, ұлттық тәрбиені, адамзат баласының ұрпағын тәрбиелеудегі озық іс-тәжірибелерімен ұштастыратын кез жеткен секілді. Ол үшін білім беру мекемелеріндегі адамгершілік-патриоттық тәрбиеге бағытталған жұмыстардың барлығы да Абайдың гуманистік идеяларына негізделіп, жүзеге асырылғаны жөн. Абайтану саласынан қазақ тілі мен әдебиеті ғана емес, барлық педагог-мамандардың біліктілігін арттыру да маңызды мәселе.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары