АБАЙ ДАРА ҚАЗАҚТА

Ел Прези­денті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы қазақ халқының ұлы перзенті Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы қарсаңында шығуы тегін емес. Бұл бар болмысымен барша жұртты білім-ғылым жолына үндеп өткен ақынның өмір жолы, шығармашылығы арқылы жаңа қоғамды тәрбиелеу үшін жасалған нақты қадам деп білемін.

Былтыр әлеуметтік желіде ұлы ақынның өлеңдерінен үзінді оқу челленджі ұйымдастырылған болатын. Мемлекет басшысы өзі қатысқан көпшілік жыр оқу эстафетасы барысында қазақ халқы тағы бір мәрте философиялық мағынаға ие ақын өлеңдерімен сусындады. Абай – ұлт руханиятының темірқазығы, бастау бұлағы екені баршаға мәлім. Осы орайда Президент те өз мақаласының әрбір тарауын Абаймен ұштастырып, ақын өлеңдерінде суреттелген ұлттық код, қазақы болмысты мысалға ала отырып, бір жылға ұласатын торқалы тойдан ұтар тұсымызды ашып жазған. «Абай бізге нені аманаттады? Абай бізден нені талап етті? Абай бізден нені күтіп еді? Абай елдің қай ісіне сүйініп еді? Сол сүйінген ісінен үйрене алдық па? Абай қазақтың қай ісіне күйініп еді? Сол күйінген ісінен жирене алдық па?», – деп қоғамға ашық сауал қойып, сол сұрақтың жауабын іздеуді барша жұрттың есіне салады.
Кейде оңаша отырып ойлана қалсаң, еріксіз таңғалатын, тіпті таңғалмасыңа қоймайтын жайлар аз емес. Соның бірі – ұлы ақын Абайдың тұлғалық бүкіл бітім-болмысы. Өлеңдері, қара сөздері. Олардағы өрелі ойлар, өнегелі ақыл-нақылдар! Бала күнімізден, мектептегі кезіңнен, есің кірген шақтан, мұнан соң тағы да өзің ізденіп, бұ дүниенің қыр-сырын тереңірек білгің һәм ұққың келген тұста –  не керек, тау тұлғаны қайта-қайта оқи бергің келеді.
Айтқым келгені, бұл мақалада Мемлекет басшысының сана зердесінен өткен толымды толғанысында қоғамдық өмірдің бірқатар өзекті мәселелері ашық айтылған. Барлық тарапты қамтыған мақаламен танысқан бізге қалатыны – ұлт ұстазының айтулы тойынан тағылым алу. 

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары