«ҮШ ТҰҒЫРЛЫ ТІЛ – УАҚЫТ ТАЛАБЫ»

Десек те, арқаны кеңге салғызбайтын, көңілге күдік ұялатып, сенімге селкеу түсіретін де жәйттер жоқ емес.

«Үш тілді оқыту», «үш тілде білім беру», «үш тұғырлы тіл» деген сияқты ұғымдардың баспасөзде, жалпы сөздік қолданысымызда пайда болғанына да біршама уақыт өтті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайынғы халыққа Жолдауларында, Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы, халық Ассамблеясы сессиясы, басқа да жиындарда қазақ тілі мен басқа тілдердің мәртебесі, білім беру жүйесінде неге басымдық беру керектігі үнемі айтылып келеді. Басымдық алдымен қазақ тіліне берілуі керек. Ғылым мен білімнің, озық өркениеттің тілі ретінде ағылшын тілін жастар жаппай үйренуі қажет. Ол үшін мемлекет қажетті жағдайдың бәрін жасайды. Оқулық, оқытушы, әдістемелік құралдар дейсіз бе, бәрі дайын. Ағылшын, басқа да шет тілдерін оқыту осыдан он-он бес жылғы жағдайдан әлдеқайда жақсарған. Бұрын қазақ мектебінің оқушылары ағылшын тілін орыс тілі арқылы үйренсе, қазір тікелей үйренеді, қазақша-ағылшынша сөздіктер де, басқа құралдар да жеткілікті.

Елбасы орыс тілінің де мүмкіндігі шектелмейтінін, ол тілді үйренемін, пайдаланамын дегендердің ешкім қолын қақпайтынын да қадап айтты. Орыс тілді мектептер саны жетіп артылады елімізде. Қазақ, мектептерінде орыс тілі, орыс әдебиеті жеке пән ретінде оқытылады, енді дүниежүзі тарихы пәні орыс тілінде оқытылмақ.  

Түсінгеніміз Президент пәрмені уақыттың талабын, болашақтың бағдарын ерте бастан межелеуден туып отыр. Шынымен де ғылым-білімді игереміз, озық техника мен технологияны, өндіру өз алдына, пайдаланамыз, десек ағылшын тілін меңгеруіміз керек. Бұл және тек мектеп жасындағы балаларға ғана емес, орта жастағы мамандарға да қойылатын талап. Қазір жасы қырыққа толса да, тіл үйреніп жатқандар жетерлік. Ол бекер емес. Кәсіби ізденістің, өсіп, жетілудің бір көрінісі.

Бірақ, білім беру сапасын арттыру, жастардың шет тілдерін жетік меңгеруіне жағдай жасаудан туған осы идея әу бастағы мақсатына сай жүзеге асып жатыр ма? Түпкі нәтижесі Елбасы айтқандай, ел күткендей бола ма? Жоқ әлде, әдеттегідей ұраншыл, айқайшыл көп науқанның бірі болып қала ма? Басқа реформалар науқыншылдықты кешірер, бірақ, білім беру ісі, ұрпақ тәрбиесінде оған орын жоқ. Қате жүйемен мектеп бітіріп кеткен соқталдай азаматты қайтадан партаға отырғызбайсыз. Сол кеткені – кеткен. Ендеше мына «үш тұғырлы тіл» төңірегінде «Ай, мынасы қалай болар екен?» дейтін ойлар болса ортаға салынуы керек, жан-жақты талқылануы қажет.

Атауының өзі көзге қораш көрінетін бұл бағдарламаны әлі де пысықтау қажет. Бұған өз басым Алматыда 2016 жылы Білім және ғылым министрлігінің комитет, департамент басшылары, ғалымдар, жазушылар, басқа да педагогтар қатысқан бірнеше қоғамдық тыңдауларда көз жеткіздім. Ағылшын тілінде Қазақ-Британ Техникалық университетінде, Сүлеймен Демирел университетінде, басқа да шетелдік, отандық оқу орындарында лекция оқып жүрген математик ғалым Асқар Жұмаділдаевтің өзі қарсы шыққаннан-ақ бұл жүйенің кем-кетігі әлі де жетіп артылатынын, жауапты министрлік асығыстық танытқанын түсіндік. Сонда әлгі ғалымдар мен жазушылар, ұстаздар  неге, нақты қандай мәселелерге қарсы болды дейсіз ғой? Олар өз алдына дербес ғылыми пән саналатын химия, биология, физика, информатика пәндерін ағылшын тілінде оқытуға қарсы. «Біріншіден, бұл пәндер ғылыми блоктың пәндері. Ән-күй, технология, дене тәрбиесі сияқты пәндер емес. Мектеп бағдарламасындағы негізгі пәндер. Ол пәндер мектептің негізгі оқыту тілінде жүруі тиіс. Яғни, мектеп қазақ мектебі болса қазақ тілінде, орыс мектебі болса орыс тілінде. Екіншіден, бұл пәндерді шет тілінде оқыту аталған пәндер бойынша сапалы білім алу мүмкіндігін төмендетеді. Яғни, химияны оқу үшін адымен ағылшын тілін жетік меңгеру қажет. Сосын барып, аталған пәнді түсініп оқисың. Үшіншіден, бұл бастама заңға, Конституцияға да томпақтау келеді. Қазақ баласының ана тілінде ақпарат алу құқығын шектейді. Білім, ғылым да – ақпарат. Бізде Конституция бойынша қазақ тілі – мемлекеттік тіл, қажеттілік туғанда орыс тілі онымен қатар қолданылады. Демек, ақпарат, оның ішінде білім беру де осы тілде жүруі керек. Төртіншіден, ағылшын тілін жеке пән ретінде де сапалы оқытуға болады...». Міне, осындай бірінен бірі өткен уәждерді естігеннен соң шынымен де ойланып қаласың. Мүйізі қарағайдай ғалымдар бекер дабыл қақпаса керек-ті...

Естеріңізде болса, былтыр жаз бойы республика бойынша мектеп мұғалімдері тіл курстарына барды. Жоспар бойынша олар жақын уақытта жоғарыда аталған пәндерді ағылшын тілінде оқытулары керек. Былтырғы курстарды ұйымдастыруға мемлекет қазынасынан қаншама қаражат жұмсалғаны туралы республикалық ақпарат құралдары жарыса жазып жатыр. Ал, сол курстардан  нақты қандай нәтиже болды, қанша мұғалім химия мен физикадан ағылшын тілінде сабақ өте алады, оның айтқанын құлағына құйып алатын шәкірттер дайын отыр ма? Бұл сұрақтарға жауап іздеудің өзі қорқынышты. Қорқынышты болмаса да біраз ыңғайсыз жағдайларға тап болуыңыз мүмкін. «Әлі де пысықтайтын тұстары бар сияқты» деп жүргеніміз де содан. Әзірге осы жерден тоқтайық...

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары