Өнерлі елдің өресі биік

Өткен наурыз айының соңғы сәрсенбісінде Алматының Оқушылар сарайының концерт залында осындай атаумен қарт адамдар арасында республикалық өнер байқауы өтті.

Оған Целиноград ауданының өнерпаздары да белсене атсалысты. Атап айтатын болсақ, Целиноград ауданына қарасты Сапар Ахметжанов басқаратын қазақ ұлттық аспаптары оркестрі және Бақытгүл Дүйсекенова жетекшілік ететін «Ару ана» әжелер ансамблінің көрсеткен өнерлері көпшіліктің көңілінен шықты.

Әділқазылар алқасының құрамында республдикаға еңбек сіңірген өнер қайраткерлері, белгілі әншілер: С. Нұрмахамбетова мен Г. Тәкежанова болды. Байқаудың ұйымдастырушылары – «Мереке» балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының жетекшісі М.М. Смайылова және Қазақ радиосының белгілі журналисі Ғ. Нәлібай.

Алдын ала айта кетейік, астаналық ауданының өнерпаздары «Аспапта ойнау» және «Ән салу» номинациялары бойынша ең алдыңғы – 1-ші орындарды жеңіп алды.

Әжелер ансамблі Целиноград ауданында 2014 жылдың ақпан айында құрылған еді. Олардың репертуарларында белгілі халық шығармалары, көпшілікке таныс қазақ композиторларының әндері жетіп артылады. Кейбірін айта кететін болсақ, ішінде халық қалауынан шыққан «Гүлдерайым», «Беу айдай», «Сарыжез – құмғанай», «Бипыл», «Үкілім-ай», «Ахау, керім» тағы сондай әндер бар.

Ансамбль жетекшісі Бақытгүл Айтмұханбетқызы жастайынан өнер ауылына жақын өсті. Ол баянды шебер меңгерген кісі. Ансамбльдің биік дәрежеге жетуіне Роза Асылбек, Забида Айдосова, Нағима Тастағанова, Әсемгүл Жұпарбаева, Айсұлу Айсина, Қарлығаш Бекімова, Айбазар Мұратбаева, Мейрамгүл Әбдікова мен Қаратай Сыздықова белсене атсалысып келеді.

Алатау етегінде өткен өнер байқауында осы әжелер тобы белгілі қазақ композиторы Ескендір Хасанғалиевтің «Ауылым-әнім» және халық әні «Үкілім-айды» шебер орындап, өнер майталмандарының да, көрерменнің де көңілдерінен шықты.

Целиноград ауданының осы этнографиялық әншілер ұжымы бұрындары Бурабайдың Абылай хан алаңында, Атбасар мен Ерейментау аудандарында жақсы өнер көрсетті. Зор жетістіктері атаусыз қалған емес. Мысалы, 2015 жылы ардагер әншілер ішінен олар облыс әкімінің «Ең үздік өнер ұжымы» марапатына ие болғанының өзі – салмақты үлес деп есептейміз.

Биылғы жылдың мамыр айында Целиноград ауданының «Ару ана» әжелер тобының құрылғанына 5 жыл толады. Қазір соған байланысты іс-шаралардың жоспары жасалу үстінде.

Біз өнер сайысында үлкен жеңіске жеткен аудан ардегерлерінің ұжымына шын жүректен ризашылығымызды білдіреміз.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары