ЕҢБЕГІ ЕРЕН ЕР

Мына өмірдің аса қиын да күрделі соқпақтарынан сүрінбей өтіп, қашанда тынымсыз тірлік пен мызғымас бірліктің жанында жүретін адал еңбегімен елінің қадірлі де қасиетті азаматы дәрежесіне көтерілген жаны жаз, жүрегі жомарт Әкімжан Назаровтың есімін Ақмола өңірінің халқы, әсіресе Оразақ ауылының көне көздері ұмыта қоймағаны даусыз. Өйткені ол кісі өзінің қарақан басын күйттеген жоқ, өзі басқарған елдің қамын көбірек ойлады.

Қасиетті Ақмола өңірі аты аңызға айналған тұлғалардан кенде болған емес. Астанаға іргелес Целиноград ауданына қарасты Оразақ ауылында1901 жылы дүниеге келген Әкімжан Назаров еңбекке ерте араласты. Оның жастық шағы төңкеріс дауылы бұрқаған ақ пен қызыл жағаласып жатқан аласапыран кезеңмен тұспа-тұс келді. 1920 жылы небары 19 жасында атқа мініп, ауылдағы «жарлы-жақыбайлардың» тұңғыш артелін құрған осы Назардың Әкімжаны еді. Айналасы 7-8 жылдың ішінде бұл артель құлашын кеңге жайып, іргелі ұжымшарға айналды. Ол кеңестік заман талабына сай шаруасы шалқыған шаруашылық болды. «Қызыл ту» атанған осы бір дәулетті шаруашылық аудан мен облысты былай қойғанда, Одақтағы айтулы еңбек ұжымы қатарына шықты.  Міне, осы істің бәрін басынан бастаған Әкімжан Назаров оған 1928 жылдан 1961 жылға дейін, яғни 40 жылға жуық үзіліссіз басшылық жасады.

 Өз қатарластарынан оқ бойы озық жүретін Әкімжан Назаровтың ел ішінде аңыз болып айтылып жүрген бастамалары да жетерлік. Осыны кейінге ұрпаққа жеткізу, аруағын құрметтеу біздерге парыз. Кешегі сұрапыл соғыс басталған кезде Әкімжан өзі сұранып майданға аттанбақшы болған.Бірақ жоғары жақтағы басшылар шаруашылықты көп жыл басқарып келе жатқан адамды тылда қажет деп санап «броньмен» алып қалып отырған. Екінші майдан – тылдағы еңбекті ұйымдастыруға Әкімжан Назаров өзінің табиғатына тән зор құлшыныспен кірісті. «Қызыл ту» колхозы сол жылдары мемлекетке тапсырылатын ауылшаруашылық өнімдерін еселей арттырды.

 Арқада алғаш рет суармалы егіс алқабы соғыс жылдары осы «Қызыл ту» колхозында дүниеге келді. Әкімжан  Назаров жаңа бастама көтеріп, «екпінді бригада» атты колхозшылар тобын құрды. Оған Түсіпбай Қарабұзауов, Мәриям Жагорқызы, Нұрмағамбет Бектібаев, Егор Болтусов, Дүйсенбек Рахметов, Жағыпар Мәмбетов сияқты жасы асқан ауыл қарттарын тартып, бригадаға 85 жастағы Толжан Тайжановты жетекші  етіп бекітті.

Қарттар бригадасы алғашқы қадамдарын топырағы құнарлы, бірақ суға тапшы Өріктің жонынан құдық қазудан бастады. Өмірлік тәжірбиесі мол Толжан ақсақал су көзін дәл тауып, бәрі берекелі болды. 40 метр тереңдіктен шыққан мол су шымырлап жоғары атқылайды. Қариялар құдықты қолма-қол шегендеп, тереңнен атқылаған кәусар суды тәулік бойы көлікпен тартып, арықтарға ағызып тұрды. Құдық басында егіс бригадасының қосы салынды. Мол судың арқасында мыңдаған гектар тың жер игеріліп, егіс алқаптары еселенді. Суармалы жерден алынған өнім ел мерейін өсірді. Әкімжан басқарма қамбадағы астығы мен қорадағы бір-екі тұяғына қан майдандағы боздақтардың қажетін жаратып отырған тылдағы елді қайтсем ашықтырмаймын, қорғаныс қорын қалай толықтырамын деп «жар құлағы» жастыққа тимеді.

Құт дарыған Қорғалжын өңіріндегі көп көлдің бірі - Асаубалық. Аумағы аттылыға апталық жол болатын бұл айдын көлдің тайдай тулаған балығы мол. Елден жырақтағы осы Асаубалықтың байлығын игеріп, жағаға шығып жататын көп балығын кіремен тартып, ел игілігіне жарату Әкімжан басқарманың арманына айналды. Кіре тартудың қолайлы кезеңі - қыс. Әкімжан қарттармен ұзақ кеңес құрып, екі жүз шақырымнан кіре тарту үшін, ақыры аяқ жетер жерден түйе жинауға тоқтам жасады.

Сексеннің сеңгіріне шыққан Толжан қарт бастаған ақсақалдар қыс бойы ел аралап түйе жинап, алғашқы қар түскенде отыздан астам түйемен Асаубалыққа аттанды. Бригада алты ай қысты мұз үстінде өткерді. Түйелі керуенмен тоң-тоң балық Ақмола мен Қарағандыға жөнелтілді. Соғыс жылдары бірнеше қыс, мыңдаған тонна балық өндірген қарттар бригадасы қорғаныс қорына жұмылған облыс экономикасына сүбелі үлес қосты.

1942 жылы Қасақстанның барлық колхозшылары «Қазақстан колхозшысы» атты танк колоннасын жасақтауға қаржы жинау ісіне белсене қатысады. Орталарындағы жасы үлкендерін мен екенмін. Ендеше, тізімді де менен бастаңдар. Біз үй- ішімізбен ортақ қорға бес мың сом салуға бәтуаластық- деді Толжан ақсақал.

– Менің құлынды-биемді қосыңдар, - деді Әкімжанның ағасы Досымбек отағасы. – Мен үш мың сом саламын, - деді Мәриям Жагорқызы.

Әкімжан басқарма мен оның зайыбы Балшаһар бір ат, бір бұзаулы сиыр, алтын сағат, үш алтын жүзік, қымбат бағалы қос ауыз  мылтық, күміс белбеу, құндыз жағалы күзен ішік, қасқыр ішік. Түбіт шәлі, қалы кілем және 27 мың сом ақша қосатындарын айтты

Балаларым барлық бағалы заттарын атады ғой. Мен қалай қалыс қаламын. Өзіме еншілеген үлкен кілем мен түлкі ішігімді, алтын білезігімді жеңіс қорына қосайын,- деді Әкімжанның анасы тебірене сөйлеп. Ертеңіне Әкімжан Назаров облыстық партия комитетіне келіп.

«Танк колоннасын құру қорына бастама көтерген 25 ақсақал өз меншіктерінен 40 мың сом, қалған колхозшылар 80 мың сом, менің отбасым 110 мың сом- барлығы 230 мың сом беретін болдық» деп мәлімдеді.

Тылдағы Әкімжан Назаровтың өнегелі бастамалары елге кеңінен танымал болып, ол мемлекеттік қорғаныс комитетіне де жетті. Көп кешікпей Әкімжан Назаровтың атына Н. Сталиннің Алғыс хаты келді.

Жеңісті жақындату жолындағы бүкілхалықтық қозғалысқа қосқан ерлігі үшін 1943 жылы желтоқсанда Ә. Назаров «Қызыл жұлдыз», орденімен марапатталды. Кейіннен кеудесіне Ленин орденін тақты. Барлық саналы ғұмырын ауыл шаруашылығын өркендету ісіне арнаған Әкімжан Назаров өзі құрған «Қызыл ту» колхозын табаны күректей  41 жыл басқарып, 1961 жылы зейнеткерлікке шықты. Әкімжан Назаровтың еңбек демалысы Никита Хрущёвтің жылқы түлігін жойып жіберуге бағытталған солақай саясаты дәуірлеген кезбен тұспа-тұс келді. «Шаш ал десе, бас алатын» жергілікті басшылар Хрущёвтың аузынан шыққанын қағып алып, «жылқы малының пайдасыздығын» жаппай жарыса дәлелдеп, дала сәні болған жануарларға жаудай тиді.

Ол кезде колхозда мыңнан астам жылқы бағылатын,  есіл жануарлар тұтасымен пышаққа іліне бастады. Бұл сорақылыққа жаны төзбеген Әкімжан ақсақал үйінде тиыш жата алмай, жанын жалдап, беделін сала жүріп, аман қалған жылқы малын бағуды өз мойнына алып, тілегі бір ақсақалдармен бірге алыстағы Мың жылқы аралына кетті. Сол кісілермен жылқы қосын құрып, аралды үш жыл мекен етеді.

Жасы жетпіске таянған\кісіге елден безіп, мұз жастанып жылқы бағу оңай емес екені белгілі ғой. Ал сол ақсақалдар, қазағымның қазанаты- жылқы малы үшін осындай ерлікке барды.

Хрущёвтың солақай саясатының беті қайтқанша Мың жылқы аралынан шықпай қойған Әкімжан ақсақалдың сол ерлігін Оразақ ауылының көне көз қариялары жыр қылып айтады. Үш жылда бастапқы айдап апарған 600 жылқыны 2000- ға жеткізді, кейін осы жылқылардан бүкіл аудан малы өрбіп өсті.

Ауылдастары Әкімжан Назаровты ақылшы, қамқоршы деп білді. Ел ағасы болған жан 1976 жылы дүниеден өтті.Бірақ көзден кетсе де, көңілден кетпеген осынау абзал азаматтың өнегелі өмір жолы ұмытылмақ емес.

Кезінде Ақмолалық ақын қыз Рысты Шотпаева және Қапез Асайынов сынды азамат, Әкімжан Назаровқа жыр арнап, Оразақ ауылына осы кісінің есімін беру туралы мәселе де көтеріпті. Бүгінде ауылдарымыз бен мектепке, көшелерге беймәлім бір адамдардың есімдері беріліп жатқандығын көріп- біліп жүрміз. Ал, шынайы марапатқа лайық тұлғалар ескерусіз тасада қалып жатады. Өткеннің көнеріп, жаңаның жаңғыруы өмір заңы. Десек те, газетіміздің өткен санында айтып өткендей Есенжол Қамзебайұлы мен Әкімжан Назаровтың есімдері өздері туған және еңбек еткен жерлерінде ардақталуы үшін, оған көпшіліктің көңіл бөлгені абзал. Ендігі сөз ел адамдарының, зиялы қауым өкілдерінің еншісінде...

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары