ЕРЛЕР ЕСІМІ ҰМЫТЫЛМАЙДЫ

Ақмола облысына қарасты Целиноград ауданының Жаңажол ауылында Ұлы Отан соғысының ардагері Қапаш Байжұмановты еске алуға байланысты тамаша бір іс-шара өтті. Оған қонақ ретінде жұбайы Базар апай шақырылды.

Қапаш аға 1914 жылы дүниеге келген. Қан майданға 1942 жылдың мамыр айында алынып, елге тек қана 1948 жылы бірақ оралыпты.

1-ші Украин майданында болған майдангер теміржол әскери құрамында ірі шайқастарға қатысып, сол сұрапыл уақыттың аяқталған тұсында, яғни Берлинді шабуылдап жатқанда ауыр жарақат алып ұзақ уақыт госпитальда жатып қалған.

Ауылдың бүгінгі бас көтерер ақсақалы Қиса ағаның айтуынша ол майданға туған інісімен бірге аттаныпты. Бірақ, соңғысы елге оралмаған.

Бейбіт өмірде Қапаш колхоз жұмысына кірісіп егін, шөп, сондай-ақ мал шаруашылығына белсене араласып, қажырлы еңбек үлгісін көрсете білген.

Жиында сөз алған майдагердің жұбайы Базар апайымыз да өткен өмірден біраз сыр ашты. Екеуі шаңырақ көтергеннен кейін дүниеге төрт бала келген. Көзі тірілері, ел қорғаған әкелері секілді, адал еңбек етіп жатыр.

Қапаш ақсақал өмірдің қиындығын қалай көрсе қызығын да біраз басынан кешіріпті. Ол жасы 90-ды алқымдағанда дүние салған.

Жиында сөз алған аудан әкімі Малғаждар Тәткеев біздің ел бойынша ұлы сындарлы шақта болған біраз деректерді еске салды. Ақмола ауданынан қан майданға 2 мың адам алынса, оның 100-ден астамы шағын Жаңажол ауылының жастары екен. Солардың тең жарымынан көбі елге оралған жоқ.

Ардагердің екі немересі Әлішер мен Перизат Қапаштар кездесу барысында тақпақтар айтып, елдің алғысын алды.

Қорғаныс бөлімінің басшысы, подполковник Рүстем Жалбинов та мерекелі жиында сөз сөйледі. Аудан әкімі Малғаждар Тәткеев Ұлы Отан соғысы ардагерінің жұбайына «Бауыржан Момышұлы» атындағы медаль мен алқызыл гүлдер шоғын табыс етті. Бұл өткен тарихтың бір парағы боп жазылатын  тамаша бір үлгілі іс болары анық.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары