БІРЛІГІ ЖАРАСҚАН ЕЛ

Мамырдың бірі, достық күні

Ән салып, билеген халықтың үні.

Тұтасып, тойлаған әр түрлі ұлттар,

Керемет мереке, мамырдың бірі

«Бірлік болмай – тірлік болмас» деген атам қазақ. Берекені көздеген ел мерекелік тірлік жасаудан қашанда  жалықпаған. Жыл сайын 1 –мамырда Қазақстан халқы ынтымақ пен бірлік күнін тойлайды.  «Береке бастауы бірлік, - ел іші тату тірлік» қағидасын ұстанған ел үшін бұл мейрамның  алар орны  ерек.

Қазақстан көп ұлтты мемлекет. Кең байтақ Қазақстанды бүгінде 130 -дан астам ұлт пен ұлыс мекен етуде. Бұл ынтымақ үрдісі ғасырдан – ғасырға жалғасуда.  Бүгінде 130-дай ұлтты ұйыстырып отырған елімізде 1 мамыр мерекесінің мерейі үстем. Бұл күн – халқымызды бір-бірімен етене жақындастыра түсетін тағылымды мереке. Бүгінгі күні игі дәстүрге айналған бұл мереке – «Алтын бесік» деп аталады. Халқымызда туған жер – алтын бесік деген сөз бар. Баршамыздың ортақ Отанымыз – тәуелсіз Қазақстан біздің бірлігіміздің алтын бесігі. Қашанда береке бастауы бірлік болған. Қазақстанның бүгінгі қарыштап дамып отырғаны – еліміздегі жүрегі бір, тілегі орақ түрлі этнос өкілдерінің жарасымды өмір сүруінің арқасы. « Тәуелсіздігімізді тұғырлы ететін де, елімізді жаңа белестерге жетелейтін де біздің ауызбіршілігіміз болып табылады.Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырысы артық. Сондықтан біздің ең асыл қазынамыз – елдің ынтымақ, бірлігі» деген еді  өз сөзінде мемлекет басшысы.

– Біздің елімізде әрбір ұлтқа деген қамқорлық шексіз, - деді салтанатты мерекеде сөз сөйлеген аудан әкімі Малғаждар Тәткеев. – 18-ге толған азаматтар – тегіне, нәсіліне, ұлтына, тіліне қарамай сайлауға қатыса алады. Ата Заңымызда атап көрсетілгендей кез – келген ұлт өкілі тең құқылы. Ұлы Абайдың «Азаматтың бәрін сүй бауырым» деп айтқан өсиетін, кемеңгер-ойшыл  Пифагордың «Жердің жемісін жылына бір көрсек, достың жемісін күнде көреміз» деген даналық сөзін басшылыққа алған Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Көп ұлтты болуымыз – біздің байлығымыз, мақтанышымыз» дейді.

 «Төртеу түгел болса төбедегі келері» хақ.  Сан ұлттың ортақ ұясы  болған мемлекетіміздің алар асуы алда. Бірлігі бекем елдің болашағы нұрлы, келешегі кемел. Әрдайым осы бірлігімізден айырылмай, татулығымыздан танбай, жұбымызды жазбай, болашаққа бірге қадам баса берейік. Ел тыныштығының тұнығы бұзылмай, бейбіт елдің берекесі арта берсін!

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары