Тұрғындар талабы ескеріледі

Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында шаһар басшысы Абат Шыныбековтың шағынаудан тұрғындарымен кездесуі ұйымдастырылуда.

Орал қаласындағы №7 жалпы орта білім беретін мектебіне жақын орналасқан тұрғын үйлердің иелері қалалық әкімдік пен құрылымдық бөлімшелер, коммуналдық мекеме мамандарымен тікелей байланыс жасауға мүмкіндік алып, өзекті мәселелердің шешілу жолдары мен қоғамдық көліктер, жол ережесі, ойын алаңдарын салу бойынша талап-тілектерін жеткізді.

Қала әкімі Абат Шыныбековтың айтуынша, статистикалық мәліметтерге сәйкес шаһар тұрғындарының саны 314 мыңнан асып, 2 пайызға көбейді. Биыл қаланың әлеуметтік-экономикалық өсуін, халықтың тұрмыстық жағдайын жақсартуда жоспарлы шаралар жалғасын таппақ. Өткен жылы түрлі инвестициялар нәтижесінде 12 жоба қолдау тауып, қала бюджеті 53,6 млрд теңгені құрады. Білім, әлеуметтік сала, кәсіпкерліктің шағын және орта бизнесі бағытында оңды істер көп.

– Өңір тұрғындарын толғандыратын басты мәселе – баспаналы болу, – дейді Абат Абайұлы. Осы мақсатта «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша тұрғын үйге мұқтаждар есебіне алынған отбасылар кезек реттілігімен баспанаға қол жеткізіп, жаңадан салынған 6 үйдің біреуі кезекте тұрған азаматтарға берілді. Биыл құрылысы басталған 8 тұрғын үйді салу жұмыстары толықтай аяқталып, 600-дей пәтер ЖАО кезегіндегі отбасыларға табысталады.

№7 мектеп аумағындағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінші қабатынан ашылған ойын-сауық орындары мен мейрамханалар кешкілік мезгілде тұрғындардың тыныштығын бұзуда. Еуразия көшесі, 86 мекенжайындағы тұрғын үй иелері құқық қорғау органдары, сот мамандары, учаскелік полицияға жүгінгенімен, оң нәтиже байқалмайтынын айтып, құзырлы органдар мен қалалық әкімдіктің мәселеге араласуын сұрайды. Ән ырғағының шамадан тыс жоғарылығы мен мейрамханаға келушілердің арасындағы келеңсіздік тұрғындардың түн ұйқысын қашырған. Әкімдіктің шешімімен қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы, сәулет және қала құрылысы мекемесіне жолданған өтініш негізінде тұрғындар талабы ескерілмек. Aл, ата-аналар тарапынан мектеп жасындағы балалардың саулығы үшін мүмкіндігінше қала көшелерінің жарықтануын, жол-көлік оқиғасын алдын алуда жаяу жүргіншілер жолының қауіпсіздігін жіті қадағалауды назарға алуды ұсынады.

Абат Шыныбековтың сөзінше, ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында 15 мыңға тарта жарық шамдары жаңартылып, 20 мыңға жуық жарық нүктелерін қою, сондай-ақ қаланың 6-шы және 7-ші шағынаудандарын жарықтандыру жоспарлануда.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары