Мол өнім жолында

Қызылжар ауданында көктемгі егіс науқаны сәтті аяқталды. Науқан кезінде жанар-жағармаймен, тұқыммен және тыңайтқыштармен қамтамасыз етуде еш мәселе туындаған жоқ. Ендігі кезекте аудан аграрийлері жерден мол ырзық несібесін алу үшін егістіктерді минералды тыңайтқыштармен өңдеп, дала жұмыстарын жалғастыруда. Сонымен қатар орақ науқаны басталғанға дейін техникаларын қалыптарына келтіріп, көптеген серіктестіктер көлік парктерін жаңартып жатыр.

Қызылжар аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Аманжол Сәкеновтың айтуынша, аудан бойынша егіс алқабы 200 мыңға жуық гектарды құраған. Оған жергілікті фермерлер 18 мың тонна көлемінде дән еккен.

-Жақсы әрі сапалы мол өнім алу үшін биыл ауданға жеті мың тоннадан астам минералды тыңайтқыш сатып алынды. Бұл жоспардың 107 пайызын құрайды. Бүгінгі таңда ауданның агроқұрылымдары 67 мың гектар жерге 4,9 мың тонна минералды тыңайтқышты сеуіп үлгерді. Бұл бағытта жұмыстар әлі де жалғасатын болады, - деді бөім басшысы.

Сонымен қатар Аманжол Сәкенов ауданда ауыл шаруашылығына қажетті көлік-трактор паркін жаңартуға да көп көңіл бөлініп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша үстіміздегі жылы аудан бойынша 118 бірлік жаңа техника сатып алу көзделіп отыр. Қазіргі таңда осы жоспардың әзірше тек елу пайыздан астамы ғана орындалған.

Техникаларын белсенді түрде жаңартып жатқан агроқұрылымдардың бірі бұл – «Север Жарыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Ол ұзақ уақыттан бері дәнді және майлы дақылдарды өсірумен айналысып келеді. Аталмыш агроқұрылым көктемгі егіс науқанын ерте бастап, уақытында аяқтаған.

-Егіс науқанын сәтті аяқтауға бізге жаңа сатып алған заманауи техникалар көп септігін тигізді. Осы жылы біз мемлекеттік бағдарламаның көмегімен «Барго» кешенін сатып алған болатынбыз. Сонымен қатар биыл Новосібірден жерді бордақылауға арналған екі құрылғы сатып әкелді. Олар өздерін жақсы қырынан көрсетті. Сондықтан алдағы уақытта тағы төрт осындай құрылғы алуды жоспарлап отырмыз», - дейді «Север Жарыс» ЖШС-нің бас агрономы Руслан Өтебай.

Бұдан бөлек аталмыш агроқұрылым үстіміздегі жылы «John Deere» маркалы трактор сатып алған екен. Руслан Өтебайдың айтуынша, ол да мемлекеттік бағдарламаның арқасында алынса керек. Бұл заманауи техниканың тиімділігін диқаншылар алдағы орақ науқанында тексеріп көретін болады.

«Север Жарыс» агроқұрылымы бір мың гектар жерге рапс, бір мың алты жүз гектарға арпа және 170 гектар жерге соя еккен екен. Көктемгі егіс науқаны кезінде мұнда жұмысшылар екі ауысымда жұмыс істепті. Ал қазір егіс алқаптарында минералды тыңайтқыштармен өңдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондықтан тек түнгі ауысым ғана қалған. Ал қалған уақытта механизаторлар көлік паркіндегі техникаларды ретке келтіріп, орақ науқанына дайындап жатыр.

Азамат Сүндетов - «Север Жарыс» агроқұрылымында төрт жыл бойы механизатор болып жұмыс істеп келеді. Оған биыл су жаңа «John Deere» маркалы трактордың тізгінін басқару бұйырған екен.

-Өте әмбебап техника. Дәнді және майлы дақылдарды жинауға таптырмайтын, қуаты мол құрал. Техниканы басқарудың өзі бір ғанибет. Барлық жайлы жағдай жасалған. Кондиционерге дейін бар. Жұмыс барысында еш шаршамайсың. Көп қирай бермейді, өте үнемді. Жаңа техниканың тілін тез меңгеріп алдық. Енді орақ науқанын асыға күтіп отырмыз, - дейді білікті механизатор.

Азаматтың айтуынша, жұмысы өзіне ұнайды. Себебі, мұнда жалақысы жоғары. Әрі компания басшылары еңбекақыларын еш кешіктірмей береді. Арнайы жатақханалары да бар. Бір сөзбен айтқанда, жұмысшыларға барлық жағдай жасалған.

Айта кету керек, Қызылжар ауданы «Солтсүтік соясы» жобасына да белсенді қатысып жатыр. Бүгінгі таңда бес ауыл шаруашылығы құрылымы 380 гектар жерге соя еккен екен. Соның тең жартысына жуығы осы «Север Жарыс» агрокәсіпорынына тиесілі.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары