Мәжіліс депутаттары ауданда болды

Сәрсенбі күні ауданға іс-сапармен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Снежана Имашева, Бейбіт Мамраев, Қанат Мусин, Асылбек Смағұловтар келді. Халық қалаулылары бірнеше әлеуметтік нысанды аралады. Олар жұмыс бабындағы сапарын «Айс» ЖШС тауарлы-сүт фермасын аралаудан бастады. Ферманың еңбек ұжымымен кездесіп, оның тыныс-тіршілігімен танысты. 

Мұнан соң, ел аралап жүрген депутаттар Қазан ауылындағы марал өсіру шаруашылығы жұмысымен танысты және «Зәру» санаторий-панто емдеу орнында болып, ұжыммен жүздесті.
Мәжіліс депутаттары, фракция мүшелері келесі кезекте «NurOtan» партиясы филиалының ғимаратында жиын өткізіп, аудан басшысы Жандос Баирханов, аудан мәслихатындағы «NurOtan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенгалий Акзамов, аудан прокуроры Мақсат Орақбаев, аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы Нұрлан Өтегеновтермен кездесті. Аудан көлемінде жүзеге асырылып жатқан жұмыстармен танысты. Айтқан ұсыныстарды тыңдап, қаперлеріне түйді.
Онда Жандос Бақытбекұлы «Жайсаң-авто» көліктік-шекаралық бақылау бекеті мен «Жайсаң-теміржол» өткізу-бақылау бекеттеріне аудандық ішкі істер бөлімінен арнайы қызметкерлер бөлініп, тәртіп сақшыларының бөлімшесі ашылса және де түнгі сағат оннан кейін жасы кәмелетке толмаған бала көшеде жүрген жағдайда бірден ішкі істер бөлімінің есебіне тіркемей, баларға ескертіп үйлеріне қайтару туралы өзгеріс енгізу ұсынысын айтты. 
Ал, аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы жайылымнан жоғалып кеткен малдарды іздестіру кезінде, ұрланбағандығы анықталған жағдайда  ішкі істер бөлімінің жұмсаған ресурстарын қайтару, шаруаларды мал бағу ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапқа тарту, сонымен қатар заңсыз жүрген мигранттарды депортациялау, яғни өз елдеріне қайтару және осы сияқты басқа да өзекті мәселелерді айтып, халық қалаулыларына ұсынды. Мәжіліс депутаттары аталған ұсыныстарды Парламент қабырғасында көтеріп, назарларына алатындарын жеткізді. 

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары