Балалар арманына дәнекер болған білім ордасы

Соңғы жылдары білім саласында инклюзивті білім беру арқылы мүмкіндігі шектеулі балаларды жалпы орта білім үрдісіне бейімдеу кең қолдауға ие.

Қазақстандық білім беру жүйесінде мүмкіндігі шектеулі, ерекше білім беруді қажет ететін балаларды сапалы біліммен қамту мемлекеттік деңгейге көтеріліп, қолжетімділік артты. Әсіресе, аталмыш санаттағы балаларға деген қоғам мүшелерінің көзқарасы өзгеріп, олардың жеке тұлға болып қалыптасуына мән берілген-ді.

Нақты республикамыздың әр өңірінде даму мүмкіндігі шектеулі жандарға қоғамнан өз орнын табуына толықтай жәрдем беру, оқыту, әлеуметтік бейімдеуге ерекше жағдай жасалған. Шындығында, мүмкіндігі шектеулі, ақыл-ой кемістігі, дамуында ауытқулары бар мектеп жасындағы балалар арнайы білім мекемелерінде оқытылатындықтан, қоғамдық өмірге бейімділігі төмен деп қарайтын азаматтар кездесіп жатады. Неге? Өйткені инклюзивті білім беру жаңаша ұғым ретінде отандық білім жүйесіне кешеуілдеп енгізіліп, қажеттілігін енді ғана сездіртуде.

Орал қаласындағы Зерде бұзылыстары бар балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернатында 350-ден астам бала тәрбиеленуде. Олардың арасынан 91 шәкірт денсаулығына байланысты үй жағдайында біліммен қамтылса, 200-ге жуық шәкірт интернат қабырғасында жатып білім алады.

Бүгінгі күнге дейін «ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған №15 мектеп» аталып келген білім ошағының жаңа атау иеленуі – тәрбиеленушілердің де, ата-аналардың да мектеппен байланысты болашақ жоспарын биіктеткендей. Балалардың қоғамның бір кірпіші болып қаланып, арман-тілегінің шындыққа айналуына дәнекер болған білім ордасының мүмкіндігі зор.

Мектеп-интернат ұстаздарынан балалардың психикалық даму мәселесіне байланысты дефектолог маманы біліктілігін меңгеру талабы қойылып, оқу-тәрбие процесі барысында түзету, логопедиялық, психологиялық, тіл мүкістігін жою жұмыстарын тұрақты жүргізуге ден қойылған.

Бірнеше жылдан бері тәжірибелі ұстаздар – Аслима Биисева, Лаура Жүсіпқалиева, Фарида Жалиденова, Күлән Бекмұханбетова инклюзивті оқыту бағытындағы қазақ тілі кешені оқулығының авторлары саналады. ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен өткен жылы жаңартылған білім беру мазмұны бағдарламасы бойынша 2, 5, 7 сыныптарға арналған оқулық жарыққа шығып, республика көлемінде таратылса, биылғы оқу жылында 3, 6, 8 сыныптар қамтылды. Келешекте 4 пен 9 сыныптарға арналған оқулық дайындалмақ. Қазақ тілі кешені қазақ тілі оқулығы, жұмыс дәптері және мұғалімдерге әдістемелік нұсқаулықтан тұрады.

Сырт көзге қоғамның ерекше қолдауын қажет ететін балалар болып көрінгенімен, әр тұлға өзінше бір бөлек дарын иесі. Он екі мүшесі сау адамдарша ойлаған мақсатын жүзеге асырып, көкейдегі дүниесін жасап шығаруға қабілетті жандар баршылық. Мектеп-интернаттың көрмесіне қойылған тәрбиеленушілердің қолөнер жұмыстарында шексіз қиял әлемнің ұшқырлығы, көзсіз туабітті дарындылық бар.

Технология пәні жүргізілетін бөлме балалар үшін әдеттегідей сабақ емес, іскерлік шеберханасындай. Төменгі сыныптардан бастап жоғары сыныптарда оқитын балалардың қолынан шыққан қолөнер бұйымдары ағаштан, қарапайым тоқыма жіптен жасалып, таңдай қақтыратыны – төрт-түлік сүйектерінен жасалған мүсіндер. Әсіресе, сүйектен, ағаштан домбыра бейнесін кез келген талапты оқушы жасауға құмар. Түрлі деңгейдегі байқауларда жас шеберлердің қолынан шыққан туындылары жоғары бағаланып, жүлдеге лайықталса, қайырымдылық шараларында да көрермен көзайымына баланады.

Зерде бұзылыстары бар балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернаты балалардың біліммен қоса, еңбекке еркін араласуына қолдау көрсету міндетін бірінші орынға қояды. Мектеп директоры Бауыржан Абдрахманов жүзінен мейірім төгілген балалардың келешегі бұл оқу ордасымен етене байланыста болғандықтан, еңбекке қабілеттілікті арттыру жұмыстарына көңіл қойылғанын айтады. Балалардың ұдайы еңбекке араласуы моторика, қимыл-қозғалысты молайтып, жақсы дүние жасауды жоспарлау жоғары ақыл-ой қабілеттілігін дамытуға жетелейді.

Зерде мектебінің 8-10 сыныптарында оқитын қыз балалар қазірдің өзінде кәсіби тігіншілер қолданатын тігін машинасын еркін қолдана алады. Бөлме жиһаздарына арналған жапқыш, жамылғы көрпе қаптарын, тұрмысқа қажетті заттарды дайындаудан бөлек, киім-кешектерді пішіп-тігуге бейім. Технология пәнінен үйренген білімі мен тәжірибесі нәтижесінде ісмер қыздар мектептегі бишілер тобына арнап костюмдер, кейіпкерлердің киімдерін өз қолдарымен дайындады. Сондай-ақ интернат тәрбиеленушілері шеберханада аяқ киім тігудің қыр-сырын меңгерген.

Зерделік оқушылардың талаптылығы спорт саласында да жоғары. Волейбол, баскетбол, теннис, асық ату ойындарын серік еткен оқушылар мектеп мерейін асқақтатып келеді. «Бірлік» әзірбайжан этномәдени бірлестігі, «Топан» ЖШС, «Орал трансформатор зауыты» ЖШС мен жеке кәсіпкерлердің қаржылай қолдауы арқасында білекті спортшылар да, көркемөнерпаздар да республика қалаларында, шетел сахнасында өнер көрсетіп, жеңістің биік тұғырына көтерілуде.

Мектеп әкімшілігі бір үйдің баласындай қолғанат болған балалардан жан жылуы мен қолдауды аямайтын қоғам мүшелері мен жүзінен мейірім есетін ата-аналардың өмірге құштар бейкүнә балалардың қасынан табылуын үлкен азаматтық іске балайды.

Ұстаз тәжірибесі

«Балаға көп үйретем деп, шала-шарпы үйретуден, аз да болса, анықтап нық үйрету абзал» деген ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы. Оқушы бойына білім нәрінің терең себілуі, тәлім-тәрбиенің ұғынықты сіңуі, сөзсіз ізденімпаз ұстаздың қолынан келеді. Өмірге шексіз іңкәрлікті, Отанға сүйіспеншілікті, адамзатқа құрметті ұстаз тәлімі арқылы пайымдаған жеке тұлғаның болашаққа қадамы жарқын болуы сондықтан.

Зерде бұзылыстары бар балаларға арналған облыстық мектеп-интернатының логопед-мұғалімі Жансұлу Карабалинаның педагогикалық жолдағы еңбек өтілі 35 жылға жуықтады. М.Шолохов атындағы Мәскеу мемлекеттік гуманитарлық университетін тәмамдаған жылдардан бастап жұмысының негізгі бөлігі мүмкіндігі шектеулі, ақыл-ой кемістігі бар, аутист балаларды қоғамдық ортаға бейімдеп, әлеуметтендіруге арналды.

Жансұлу Тілешқызының тәжірибесінде баланы әлеуметтендіру алдымен психологиялық дайындық жұмысын жүргізуден басталады. Осы орайда, бастауыш сынып оқушыларын ортаға бейімдеу күрделі процесс саналады. Бұл жағдай логопед, психолог, дефектолог мамандардан бірлескен жұмысты талап етеді.

– Мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыстың басы қол моторикасын дамыту әдістемесінен басталуы қажет, – дейді тәжірибелі маман. Ұсақ қол моторикасының қалыпты жағдайда дамымауы баланың дұрыс сөйлей алмау, қимыл-қозғалыстың төмендігіне алып келеді.

Жансұлу Карабалинаның тіл мүкістігін, сөйлеу тілінің даму кемшіліктерін түзету сабақтарын білімге құштар балғындар ерекше зейін қоюмен өткізеді. Білікті ұстаз сөйлеу тілі кемістігінің І, ІІ деңгейі, тұтығу, аутист балалармен аптасына 4 сағат жұмыс жүргізіп, оқушылардың білім алуға деген қызығушылығын арттыра алатындай көрнекі құралдарды өз қолымен жасап, кейіннен тәжірибені әріптестерімен талдап отырады.

Ұзақ жылдардан бері балаларға тыныс алу жолдарын дамытуға арналған жаттығулардың ішінде «Дэльфа-142.1» тренажерын жиі қолдану ойлау, есте сақтау қабілеттерінде ілгерілеушілікті байқатып келеді. Бастауышта дұрыс қаланған білім жоғары сыныптарға көшкенде өз еркімен жазып, оқып, анық, таза сөйлеу дағдысын қалыптасқанын көрсетті. Жансұлу Тілешқызы артикуляциялық кескіндерді айнаға қарап қайталау жаттығулары да балалардың тіл қозғалысын, сөздік қорын, байланыстырып сөйлеу тілін дамытуға фактор бола алатынын айтады.

Ал, ата-ана үйден баламен бірге оқуды жалғастыру керек. Қарапайым тұрмыстық заттардың қолдану, тағам түрлерінің атауын, жыл мезгілдерінің ерекшеліктерін түсіндіру секілді диалог құра білуді меңгергені жөн.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары