Бала тәрбиесінде ата-анаға ғана кінә арту дұрыс па?

Қоғамда бала тәрбиесіне жауапты мұғалім мен ата-ана, балалар арасындағы байланысқа қарата көп сын айтылып жатқаны жасырын емес. Әсіресе, жұмысбастылыққа салынып, тәрбиеден алшақтаған отбасы мүшелеріне деген көзқарас сан тарапты.

Бір кездері әкенің қамқорлығы, ананың әлдиі, атаның даналығы, әженің ертегісі – қазақ отбасындағы тәрбиенің ең озық көрінісі еді. Үлкенді сыйлап, ақылын тыңдау, ата-баба салтын қадірлеу, ұстаз бен қара шаңырақ саналған мектепке деген құрмет сезімі бәрінен биік те, білім-ғылымға деген ынта-жігер жоғары тұратын.

Уақыт өткен сайын ата-ана мен мұғалімнің бала тәрбиесіндегі рөлі бірлесе әрекет жасауды қажет етеді. Мектеп пен колледжде оқитын жасөспірім балалардың есепке алынып, өз-өзіне қол жұмсап, қылмысқа баруы кім-кімді де алаңдатады. Десе де, жасөспірімдердің оқушы жасынан тәртіп бұзып, құқықбұзушылыққа бару жағдайына бірі мектептегі мұғалімдерді, екіншісі жанұядағы ата-анасын кінәлап жатады. Шын мәнінде, бала тәрбиесінде ата-анаға ғана кінә артқан қаншалықты дұрыс? Әрине, балаға парасатты тәрбие беру – ата-ана үшін ең үлкен парыз. Халық даналығы тәрбиелі ұрпақты ұлттық жарқын болашағына балап, қоғамның азаматын тәрбиелейтін ұстахананы отбасымен байланыстыруы тегін емес.

Психологтың кеңесіне жүгіну нәтижесінде ата-аналардың іс-әрекетіне сипаттама беру арқылы бірлескен қандай шараларды жүзеге асырудың жолдарын анықтап көрдік.

Ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін қалай арттыру қажет?

– Ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан ұлттық тәрбие, салт-дәстүріміз 22 наурыз мерекесінде ғана дәріптеліп, ұмыт болып барады. Отбасында салт-жоралғы, дін, тіл мәселелері көбірек насихатталмағандықтан, балаларды дәстүр туралы тақырып қызықтырмайды, өйткені ақпараттық технология бұл ұғымды алмастырып жіберді. Сәбиіне бесік жырын айта алмаған анадан, немересіне ертегі айта алмаған ата мен әжеден, екі қазақтың бір-бірімен орысша сөйлесуінен қорқатынын келтірген Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлының болжамы күн сайын көз алдымыздан өтіп жатыр, – деп күйінеді кәсіби психолог Гүлнар Кабулова. Мерекелік жиында ғана әдемі киініп, салт-дәстүрін дәріптеп жүрген түрлі этно-мәдени бірлестіктер мен орталықтар іс-шараларын оқу ордаларымен байланыстыра жүргізуі керек. Ұлттық салт-дәстүрін құрметтеп, өзге елдің мәдениетімен таныс жеке тұлға достық қарым-қатынастың маңызын түсіне алады.

Асылы, тәрбиенің тал бесіктен басталып, отбасы құндылықтарының жоғары деңгейге көтерілмеуі тәрбие мәселесін ақсаңдатып жібергендей. Өкініштісі сол, қоғамда ата-ананың беделі төмендеуде. Берік байланыстың жоқтығын сезінген бала түрлі әрекетке қатысуы сондықтан. Білім ордаларындағы ата-аналармен байланысты тек жиналыс өткізумен шектемей, дөңгелек үстел, конференция, тренинг жүргізу, спорттық, мәдени, командалық сайыстарға қатыстырып, қарым-қатынасты дамытудың қажеттілігі туындады. Абзалы, тәрбие саласында жақсы мен жаманды, адал еңбек, үлкенге деген құрмет сезімдерін жауапты мамандар ғана емес, көпті көрген аға буын өкілдері, қариялар кеңесінің мүшелері қоғаммен байланыстыра суреттеуі қажет. Сапалы білімге қол жеткізу, соның ішінде ұстаз есімін ардақтау, педагог тәлімін жүрекке жеткізе меңгерту алдыңғы буынның тәжірибесімен жетеді. Облыстағы ақсақалдар, әкелер мен аналар кеңесінің жұмысын күшейту арқылы өзге оқушыларға, толық емес отбасында тәрбиеленген балаларға оң ықпалын тигізудің мүмкіндігі бар. Өйткені әке тәлімін көрмеген балалар саны еселеніп келеді. Мәселен, әкелер немесе аналар форумы аясында облыстық, қалалық, аудандық мектеп, колледждердің ата-аналарынан бірлескен команда жасақтап, баскетбол, волейбол, отбасылық ойындарды ұйымдастырудың астарында үлкен махаббат сезімі, ынтымақты іс жатыр.

– Жұмыс бабымен отбасы тәрбиесіне аз-кем уақыт бөлетін ата-аналар үшін балаларының қажетті іспен шұғылданып, бос уақытын тиімді өткізу жолы – тегін үйірмелерге беру. Баланың қабілеті мен дарындылығы ата-ананың бақылауынан шығып, ескерусіз қалуда, – дейді кәсіби психолог. Үйренуге қызығушылығы зор бала ақпарат ағынына қарамастан, өміріне қажетті дүниені меңгереді. Мейлі мектеп, не болмаса колледж жанындағы үйірме болсын, баланың ынтасын оятатындай қызмет ұсынуы қажет. Қазіргі таңда оқушылардың ойлау, қабылдау, ес, қиял, таным процестерінің даму деңгейі әр келкі. Мектептен колледжде білім алуға көшкен студент спорт, көркемсөз бағытында қабілеті жоғары болып, жаңа ортаға келгенде талантын жасырып қалуы әбден мүмкін.

Гүлнар Кабулованың балаларға жеке кеңес жүргізу тәжірибесіне сүйенсек, кейінгі кезде бүлдіршіндер, жасөспірімдер өтірік айтуға бейім. Ол қорқыныш, үрейден емес, нақты ойлау қабілетінің төмендігінен деп болжайды. Тіпті, қарапайым, үлгілі саналатын отбасылардың өзі өтірік әңгіме құрастыруға құмар.

Қатыгез қоғамда балаларға мейірімділік, сүйіспеншілік, жан жылулығы жетіспейді. Әсіресе, балаға әкенің ақылы көбірек әсер етеді. Балалардың уақытының көп бөлігі жанұяда өтетіндіктен, ата-ананың сөзі мен қимылы үлгіге баланады. Оқу ордасында қаншалықты мейірім көрген бала, жанұяда да соншалықты жылылықты сезінбесе, жақсы нәтижеге жету екі талай. Биыл елімізде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Еріктілер жылы» жарияланғаны белгілі. Гүлнар Қалауқызы жыл бойы мейірімділік шаралары мен сабақтарын көптеп өткізуді жоспарлап қана қоймай, жүзеге асыру барысында ата-аналарды да тартуды ұсынады. Мектеп, колледж, университет білім алушылары ғана емес, олардың отбасы мүшелері де мейірімділікті сезінуі тиіс.

Оқу мен тәрбие – ажырамас процесс

Осы ретте, «Ата-ана мен ұстаздарға кінә артуға қарағанда, бірінші кезекте баламен психологиялық бағытта жұмыс жүргізген әлдеқайда тиімді» деп санайды психолог маман. Айталық, Батыс Қазақстан индустриалды колледжінде бала тәрбиесіне және құқықбұзушылықты болдырмау мақсатында оқу ордасы мен ата-ана немесе отбасы мүшелерімен ынтымақтаса әрекет жасау қолға алынған.

Батыс Қазақстан индустриалды колледжінде 480-нен астам студент білім алуда. Соның ішінде жетім, толық емес, сәтсіз отбасы, жалғызбасты, ата-аналары жұмыссыз жанұя санатындағы балалар психологиялық әлеуметтендіру шараларына тәуелді. Колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, психолог маман Гүлнар Кабулованың айтуынша, мінез-құлқы ауыр, кәмелет жасына толмаған балалар, құқықбұзушылық іске араласқан жасөспірімдер мектеп бітірген оқушылардан құралады. Бүгінде колледжішілік бақылауға әр топтан жинақталған 26 студент алынды. Сондықтан ата-аналар арасындағы сабақтастық жоғары деңгейге көтерілген. Білім ордасындағы тәрбиелік шараларды 8 бағытта жүзеге асыру жоспарланса, бір бөлігі ата-анамен жұмыстануға бағытталған.

Өткен оқу жылында кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасында «Суицид превенциясы», яғни өз-өзіне қол жұмсау әрекеттерінің алдын алу бағдарламасы енгізіліп, студенттер арасында ата-аналардың рұқсатымен сауалнама жүргізілді. Психологтер колледжде психологиялық қызметтің мақсатын студенттердің денсаулығын сақтау, қолайлы әлеуметтік-психологиялық жағдай жасау және білім беру үдерісіне қатысуға қолдау көрсетумен байланыстырады. Алайда, ата-аналардың бәрі бірдей баласын психодиагностикалық сауалнамаға қатыстыруға келісім бере бермейді.

– Колледж қабырғасында оқитын әкесіз, анасы жұмыс бабымен өзге қалада тұратын, бірнеше мәрте шаңырақ көтерген отбасы балаларына психологиялық көмек қажет, – деген психолог маман кей жағдайда баласын қорғап, түсіністікпен қараудан қашатын ата-аналар тобы ұшырасатынын айтады. Сондай-ақ мінез-құлқы ауыр студенттердің сабақ процесін өткізуге кедергі келтіретін әрекеттерін дұрыс жолға қою тәрбие бөлімінің құзыретінде. Студенттердің ұстаздарды құрметтеуі бөлек те, отбасылық жағдайға байланысты мінезінде ерекшелік байқалған білім алушылардың сыйластықты шетке ысырып, дөрекілік пен тәртіпке бағынбауы психологтердің кеңес жүргізуіне алып келеді.

– Бір студенттің дөрекілік әрекетін зерттеуде толықтай топтың сабақ барысы бақылауға алынып, ата-ана мен балаға жеке кеңес беру арқылы шешімін табады, – дейді тәжірибелі маман.

Білім тәрбие арқылы беріледі. Біз неліктен ойымызды шаһарымыздағы оқу ордасының мінез-құлқы ауыр жасөспірімдермен жұмыс жүргізу әдісімен жалғадық? Баласын саналы азамат ретінде тәрбиелеуде қоғаммен бірлесіп жұмыстануға ниетті немесе керісінше жеке тәрбиелеу ниетін таңдап, қоғамға да, ұстаз есіміне де кір келтіретін ата-аналар баланың тағдырына бей-жай қарайтыны алаңдатады.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары