Арыста 108 отбасы баспаналы болады

Тоғыз жолдың торабындағы Арыс қаласының экономикасы күн санап артып келеді. Бұл жағдай қордаланған түйткілдерді бюджет арқылы шешуге мүмкіндік береді. Әсіресе, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды баспанамен қамту мәселесі басты назарда. Әр жылы жүзден аса қала тұрғыны қоныс тойын тойлайды. Теміржолшылар қаласында қазір тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр.

 

«Көктем-1», «Көктем-2» мөлтекаудандарын арыстықтар «жаңа қала» деп  атайды. Өйткені, қалаға көрік беріп тұрған жаңа тұрғын үйлер осы аудандарда бой көтерген. Қазір мұнда құрылыс қарқынды жүргізілуде. 3 қабатты 3 тұрғын үй 2018 жылдың маусым айында салына бастаған. Әрқайсысында 36 пәтер бар. Енді осы жылдың тамызында кезекте тұрған 108 отбасы қоныс тойын  тойлайтын болады.

Темірхан Сатыбалды, Арыс қалалық құрылыс бөлімінің басшысы: – бұл пәтерлер «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша мүгедек, көпбалалы отбасы, жас отбасы және бюджеттік қызметкерлерге берілетін болады. Тамызда құрылыс аяқталса, желтоқсан айына дейін ауланы абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Тағы бір айта кетерлігі, 2019 жылдың маусым айында тағы 2 көп-қабатты тұрғын үй құрылысын бастаймыз деп жоспарлап отырмыз. Қалалық құрылыс бөлімі жаңа пәтерлерге ғана көңіл бөліп отырған жоқ. Арыс қаласында қазір жалпы саны 101 көпқабатты  тұрғын үй бар. Оларды күрделі жөндеуден өткізу мәселесі  қолға алынды. Мәселен,  2014 жылы  5 үй, 2017 жылы 9, 2018 жылы 8 үй күрделі жөндеуден өтсе, биыл 15 үй қайта жаңғыртылады. Бұл өз кезегінде қаланы көркейтуге де септігін тигізеді.
 

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары