20-шы округ волонтерлері ұстаздарға тарту жасады

Орал қаласында 20-шы округке қарасты волонтерлер тобы шаһар тұрғындарының жекелеген санатына азық-түлік себеттерін табыстап, «Ел және мұғалім» басылымына қолдау көрсетті.

Халқымыз «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деген. Салт-дәстүр, қазақы тәрбиеміз де осы бір нақыл сөздің желісімен өрбіп, өресі биік, жүрегі иманға толы ұрпақ өсіру арқылы ұлтының ұлы мұратына жету мақсатын ынтымақты іспен, береке-бірлікпен байланыстырады.

Елдегі жұқпалы дертпен күрес шаралары кезінде мемлекеттік мекемелер жұртшылықпен күш-жігерін біріктіріп, асарлатқан атымтай жандардың қатарында еріктілер тобы айрықша үлесін қосқан еді. Жомарт азаматтардың әрекеті көптің көңілін сейілтіп, шаттық сыйлар сәтті бастамаларымен әр шаңырақтың есігін қақты.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еріктілік қозғалысты:  «Волонтер болу – жүректің ісі, шынайы ниеттің көрінісі» деп бағалап, еліміздің жастарына зор сенім артты.

Өңірімізде 20-шы округке қарасты волонтерлер тобы облыс орталығы мен ауыл-аудандардағы ағайынды азық-түлік тауарларымен қамтамасыз еткен қайырымды жандар саналады. Құрамында жеке кәсіпкерлер, түрлі деңгейдегі спорттық додалардың жеңімпаздары, жергілікті танымал өнер жұлдыздарынан топтасқан волонтерлер тобының басын біріктірген – елдегі сын-қатер болса, еріктілер бұл үдерісті жеңуде қоғамның әлсіз және көмекке мұқтаж отбасылар санатына көмек қолын созуды парыз іс санап, жанашырлықтың үлгісін сездірді. Бүгінде 20-шы округ волонтерлерінің атсалысуымен ауылдық жерлер және шаһар көлеміндегі көпбалалы жанұяларды есептегенде жүздеген отбасыға көмек берілді. 

Волонтерлер тобының жетекшісі Артур Шерғалиевтің ұсынысымен біздің басылым да қайырымды жандардың шарапатын сезінді.

– Облыстық қоғамдық-педагогикалық «Ел және мұғалім» газеті редакциясына қаржылай қолдау көрсету арқылы ардагер ұстаздарымыздың еңбегіне бас иіп, қамқорлығымызды жеткізгіміз келеді, – дейді Артур Мұратұлы.

20-шы округ волонтерлерінің ұйғарымымен жинақталған 62 мың теңге қаражат облыстағы спорт ардагерлері мен білім саласына еңбегі сіңген бірқатар ардагер педагогтерді басылымға жаздыртуға жұмсалып, бастамашыл жастар ұстаздарға жаңалық жаршысын оқуға мүмкіндік сыйлады.        

Ағымдағы жылға «Еріктілер жылы» деп айдар тағылғаны белгілі. Алайда, белсенді топ қолға алған сауапты істерін жалғастырып, қоғам мүшелеріне жәрдемдесуді ұйымдастыра бермек.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары