ДЕПУТАТТАР ЕЛ ІШІНДЕ

Осы аптаның басында Целиноград ауданына қарасты Шалқар ауылында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары іссапармен болып, тұрғындармен жүздесіп, пікірлесті.

Әңгіменің негізгі өзегі Тұңғыш Президент, Елбасы  Н.Ә.Назарбаевтың  әлеуметтік бастамаларын жүзеге асыру тұрғысында өрбіді. Парламенттің төменгі Палатасының депутаттары: Ж.Қ.Дүйсебаев, Б.С.Оспанов, З.Ж.Аманжолова, Б.К. Хаменова аз қамтылған, көп балалы отбасыларды қолдауға бағытталған әлеуметтік жеңілдіктер тұрғысында түсінік берді. Кездесу барысында ауылшаруашылығы саласын дамыту, пайызсыз несие мен субсидиялар бөлу жайында да мәселе көтерілді.

Мәжілісмен  Жексенбай Қартабайұлы Дүйсебаев ағымдағы жылы мемлекет қазынасынан осы өркенді саланы дамытуға 500 миллиард теңге бөлінгендігін айтып өтті.

-Елбасы біздің алдымызға еңбек өнімділігін 2,5 есеге немесе одан да жоғары деңгейге арттыруға тапсырма берді. 2017-2021 жылдарға арналып осы мақсатқа 2 триллион 700 миллиард теңге бөлу жоспарланып отыр, - деді Ж.Қ.Дүйсебаев өз сөзінде.

Кездесу барысында жоғары лауазымды меймандар тұрғын-үй, медицина, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолдарды жөндеу, экология, халыққа білім беру мәселелері бойынша қойылған сауалдарға жауап берді.

Депутат Берік Оспанов ауыл адамдарының назарын аз қамтылған, көп балалы жанұяларға жеңілдікпен берілетін пәтерлердің жайына аударды. Бүгінде  6 мың пәтерлік тұрғын үй құрылысын салу үшін ұлттық қордан 50 миллиард теңге бөлу  қарастырылған. Еліміз бойынша қазірде жеңілдікпен  баспана алу кезегіне 40 мыңға жуық адам тіркелген. Жоспар бойынша 5 жыл ішінде 40 мың пәтер пайдалануға берілмек. Олардың басым бөлігіне түркістандықтар ие болмақ. Ақмола облысы аймағының тұрғындары үшін 170-тен астам баспана салынады.

Аудан әкімі Малғаждар Тәткеев кездесуге келгендердің сауалдарына жауап бере отырып, автожолдарды жөндеуге байланысты шараларды да назардан тыс қалдырмады. Қазіргі кезде «Шалқар -Мәншүк» бағыты бойынша тас жолдарды жөндеу жұмыстары қолға алынған. Бұл іспен «АБК Автодор НС» (BI Grup компаниясы) ЖШС жол жөндеушілері айналысуда. 2019 жылға арналып 959 миллион теңге бөлу жоспарланған.

Осындай жылы жүзді жүздесулер аудан орталығында және басқа да ауылдық округтерде,  «Nur Otan»  партиясының филиалында да өтті.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары