Эфир этикасы

Этика – адамгершілік пен мораль туралы теориялық заңдар мен практикалық талап-тілектерді зерттеп, қалыптастыратын ғылым саласы. Яғни, адамдардың қоғамдағы өмір сүру нормалары мен бір-бірімен қарым-қатынасы жайлы ұғымды танытады.  Еңбексүйгіштілік, адалдық, достық, сыйластық, сыпайылық, өзіңді-өзің дұрыс ұстай білу, жақсы мінез – осының бәрі этика критерийлерін анықтайды. Сөйтіп, этика жалпы  алғанда адамгершілік принципіне бағынады. Этика саналы азамат болуды қалайды. Демек, журналист те осындай қасиеттерге ие болу керек екені түсінікті.  Өйткені журналистің кәсіби мамандығы – мұндай қасиеттерсіз табысқа жетуі қиын.  Этикалық нормалардың заңды жасалмаған тұстарын журналист өз ақылымен, сан-сезімімен ұғып-білуге тиіс. Ол адамгершілік идеал мен азаматтық парыздан туындайды. Журналист өз борышын адал атқаруы тиіс.  Қазір телеарналарда тікелей эфирде өтетін ток-шоулар көп.  «Шоумен» деген ұғым қазақстандық көрермендер санасына еніп үлгерді. Әзірше шоумендікке актерлер тартылуда. Бір жағынан ол да дұрыс шығар. Бірақ актер журналист емес. Ток-шоуды жақсы жүргізіп шығу емес, онда көтерілген басты тақырыпты аша білу керек. Өйткені «ток-шоу-таза журналистік шығармашылық». Оның үстіне тікелей аудармасы – «әңгіме-думан». Әңгіме сұхбатқа құралады. Ал сұхбатты тек арнайы мамандығы бар журналист қана өз деңгейінде жүргізе алады. Сұхбат сәтті шығу үшін журналистке қойылар талап та жоғары. Ол табанды, зерек, әсершіл, жинақы, тапқыр, байқампаз, назаршыл, есте сақтау қабілеті жоғары, психологиялық тұрақты болу керек. Ал актерлер тек жазып бергенді ғана оқып шықпай ма? Сондықтан ток-шоулардың көбінің жасанды шығып жататыны сол. Шоумен-актерлердің кейбірі ғана импровизациялық қабілеттеріне сенеді. Солардың ішінде Қазақстан халқына жақсы таныс ресейлік Леонид Якубович (Поле чудес) пен Дмитрий Нагиев (Окна), Николай Поречников (Запретная зона). Шоумен-әртістер бізде де бар. Әрине, актерлік шеберлік журналистің бәріне бітпейді. Бірақ оған үйренуге, үйретуге болады. Тіпті алысқа бармай-ақ көрші Ресейдің тіршілігіне көз салсақ жетіп жатыр. Оларда тіпті репортерларға дейін актерлік шеберлікті меңгеруде. Өйткені Москвада арнайы тележүргізушілерді дайындайтын институт бар. Онда актерлік және журналистік шеберлік деген пән оқытылады. «Әдемі қозғалыс» деген пән бар екен.  

Шоумен – журналиске керек басты қасиетердің бірі- тіл мәдениеті. Ал тіл мәдениетінің өзі көп аспектілі түсінік. Жақсы тіл-дұрыс, қарапайым, мәнерлі болу керек. Тіл мәдениетіне де арнайы үйренеді. Жоғарыда айтылған тележүргізушілердің институтына жетекшілік ететін белгілі тіл стилисі Светлана Макарованың алдына тілдерін дұрыстауға тіпті саясатшылар мен депутаттарға дейін келеді екен. Ол институтта сөйлеу техникасы, эфирде сөйлеу шеберлігі деген сабақтар жүргізіледі.     Теледидардың басқа өнер түрлерінен негізгі артықшылығы миллиондаған адамның назарын өзіне аудара білуінде. Осы артықшылық, яғни, жаман-жақсы танымдылық оны басқа өнер түрлерінен бөле-жара ерекшелендіріп тұрады. Ақпарат арнасының кез келген бөгеуді жарып өтер ең қуатты ағысы болғандықтан теледидар мен интернет салаларының ана тілімізде сауатты түрде игерілуі ең маңызды мәселе.

Тележүргізушілерді әртістік шеберлікке қатысты кино мен театр актерларына қарап тағы бағалауға болмайды. Актрелер белгілі бір мектептен өткен, жан-жақты кәсіби дайындығы бар адамдар. Тележүргізушілер де өзінше образ жасайды. Актер қаншама кейіпкер бейнесіне кіргенімен, актер мен образ ешқашан бірігіп кетпейді, арасында саңылау қалады. Кәсіби тележүргізуші де экраннан көрінер бейнесін ой-қиялында сомдаған идеалдық бейнесіне бағыттап, күнбе-күн қырлап, сырлап отырады. Тележүргізушілер актерлердей емін-еркін қимыл-әрекет жасай алмайды, экранға «байлаулы». Бұл ішкі дайындықты, жалғыз ғана бет-әлпет қимылын игеруде үлкен шеберлікті талап етеді. Тележүргізушінің бір артықшылығы осында. Экран алдындағы көрерменді өңменінен итеретін олқылықтардың бірі-журналистің қимыл-ишарасының тақырып желісінен бөлек «сөйлеуінде». Бізде көбінесе бар салмақты сөзге салып, ал қимыл-ишара айтылған ойды долбарлап қайталауымен шектеледі. Бірақ, ақпараттың  60 пайызы қол, көз, бет-жүз, дене қимыл иишаралары арқылы жететініне ескерсек, қазақ теледидарына осы жан-жақтылық сырын кәсіби тұрғыда ұғындыра алатын мамандар ауадай қажет. Жест- адамның темпераментіне байланысты- флегматик холериктің қимыл-әрекетіне еліктесе, өз мінез-құлқынан тумаған соң ол Марк Твен айтпақшы, «сарафан киген түйенің тайраңдағанындай» әсер қалдырады. Сөз өнері мен қимыл-ишара өнерінің қыр-сырын меңгерген адамды шын «жұлдыз» деп мойындауға болады».

Тікелей эфир – жуналистикадағы соңғы жылдардағы жаңа түрлерінің бірі. Мұның авторлары өз алдына көркемдік мәселелерді, эстетикалық ойарды хабарлауды қойған болса, онда өз үдесінен шыққандары. Бірде В. Листьев «Час Пик» тікелей хабарын жүргізіп отырып, былай деген еді: «Тікелей хабарды мен неліктен жақсы көремін? Себебі мұнда өтірік айта алмайсың. Тыңдай білу, тек тыңдау ғана емес, адамды түсіне білу де. Тікелей хабарды жүргізу өте қиын. Белгілі бір мәселеге менің көзқарасым қандай, оның көзқарасы ше? Сырттай қарағанда өте қарапайым: екі адам әңгімелесіп отыр. Ал шындығында бұл – нағыз шыншыл өмір.