Тікелей эфир ерекшеліктері

Тікелей эфирге тән ерекшеліктерді атап өтіп, олардың әрқайсысына талдау жасамас бұрын, “Тікелей эфир дегеніміз не?” деген сауалдың жауабын іздестіруге тура келеді. Ендеше тікелей эфир туралы ғылыми анықтаманы тұжырымдап көрейік. Тікелей эфир – тележурналистикада уақыт дәлдігін сақтап, жедел хабар таратудың кәсіби әдісі, шығармашылық-техникалық сипаттағы соңы технологиялық прогресс, аудиториямен қарым-қатынастың айрықша тәсілі, өзгеріске ұшырамайтын нақты құбылыс. Түптеп келгенде, алуан түрлі пішіндер мен жанрлық ерекшеліктерді қамтып, бір мезгілде атқарылытын бірнеше істің басын қосатын ұжымдық үйлесім мен жүргізушінің лингвистикалық және психологиялық белсенді іс-әрекетінің нәтижесінде жүзеге асатын қызмет жүйесі. Бір кездері пішін ретінде қарастырылған тікелей эфирдің өзінің бірнеше пішіні пайда  болды: телеүндесу, кері байланыс,  студиядағы хабар, ток-шоу тағы тағы сол сияқты. Оның үстіне қазіргі тікелей эфир бұрынғыдай бір жақты сипат алмайды. Тікелей эфир- аудиториямен қарым-қатынастың айрықша тәсілі. Ең бастысы, тікелей эфирдегі диктордың оқуы журналистің жүргізуіне алмасты. Бұл жөнінде зерттеуші В.Л. Цвик мынадай тұжырым жасады: «Жүргізуші- журналистің тікелей эфирдегі табысы- кәсіби шеберліктің, айрықша қабілеттің, тамаша тапқырлықтың жемісі». Ол рас, тек бұл тұжырымдама тікелей эфирдегі шығармашылық тұтастық пен ұжымдық үйлесім ескерілмеген. Экран алдында сөйлейтін жүргізуші болғанымен, оның артында техникалық тетікті ретке келтіретін, эфирді әуенмен әрлеп, сөзбен көмкеретін, әрбір іс-қимылыңды қалт жібермей дәлдікпен түсіретін студия операторлары, оператордың түсірген суретін эфирге шығарушы режиссер, дыбыс режиссері, телефон қоңырауын эфирге қосатын өзге де техникалық қызметкерлер  бар екені белгілі. Сол тұрғыдан келгенде тікелей эфир бір мезгілде атқарылатын бірнеше істің басын қосатын ұжымдық үйлесімнің нәтижесінде жүзеге асатын іс-әрекет. Ал егер хабар эфирден тікелей берілмесе бұл жұмыс процесі көп сатылы әрекет есебінде, бөлек-бөлек атқарылар еді. Тікелей эфирдің бір тиімділігі сонда, ол біріншіден қаражат шығынын азайтты. Бұрын хабардың бір бөлігі репортерға, келесі бір бөлігі студияға жазылып, бір рет таспаға түсірілсе, керек тұсы қалдырылып, керек емес тұстары қиылып тасталып, содан кейін бастан-аяқ рет-ретімен жиналып, қайта көшірілетін. Уақыт та адам еңбегі де қазіргімен салыстырғанда әлдеқайда көп шығындалатын. Соның бәрі енді бір мезгілде ұйымдасқан түрде орындалады. Ұжымдық үйлесім деген осы. Ал екіншіден, тікелей эфир өзгеріске ұшырамайтын нақты құбылыс болғандықтан, алдын-ала жасалған хабардағы, диктор оқыған мәтіндегі жасандылық, белгілі бір дәрежедегі артистизм, ендігі жерде шынайылыққа, табиғилыққа қарай ойысты. Үшіншіден, тікелей эфир оперативтілік тұрғысынан уақыт дәлдігін сақтау мүмкіндігін жолға қойды. Төртіншіден, көрермен психологиясына тікелей әсер ету арқылы, олармен қолма-қол қарым-қатынас жасауды қамтамасыз еткен кері байланыс жүзеге асты. Бесіншіден, ғылыми-тхникалық прогресс аясында енген технологиялық процесс. Осының бәрін есепке ала отырып, тікелей эфирді пішін емес, тележурналистикадағы соны пішін деуімізге негіз бар. Тікелей эфир  тележурналистиканың табиғатына тән заңдылықтар аясында ақпараттық технологияның мүмкіндіктерін пайдалану арқылы ретке келітірілген қызмет жүйесі. Демек, тікелей эфир тележурналистикада уақыт дәлдігін сақтап, жедел хабар таратудың кәсіби әдісі болып табылады. Тікелей эфирге берілген анықтама осыдан келіп шығады. Ал тікелей эфирге тән ерекшеліктерді оның табиғатын ғылыми негізде талдап, теориялық тұрғыда жүйелеу арқылы айқындай аламыз. «Эфир» - сөзі грек тілінен аударғанда ауаның жоғарғы қабаты немесе «жоғарғы ауа» деген мағына береді. Бұдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын пайда болған көзге көрінбейтін, қолға ілінбейтін бұл құбылыстың қазақ тіліндегі баламасы «әуе толқыны».  Айтылған сөз айтылған жерде қолма-қол жалпақ жұртқа жайылып кететін тікелей әуе толқыны туралы сөз етер болсақ, ол- күрделі де жауапты шығармашылық жұмыс процесі, бір мезгілде атқарылатын бірнеше істің басын құрайтын шығармашылық  тұтастықты жүзеге асыратын ұжымдық үйлесім, құрылым мен ерекшеліктері тұрғысынан тележурналистиканың жаңаша әдісі ретінде зерттеп-зерделеуді қажет ететін нысан. Тележурналистикадағы өзгеше де өміршең бұл процесс бұрын алдын-ала жазылып, қажет тұстары қалдырылып, керек емес деп есептелетін кейбір сөйлемдері қиылып тасталып, яғни, монтаждалып ұсынылатын жазбаларды ендігі жерде айтылған сәтте тікелей көрерменге арналған шын мәніндегі шынайы әңгіме, тіпті, тікелей телефон желісіндегі кері байланыс арқылы нақты пікір алмасуға айналдырғаны ақиқат. «Айтылған сөз атылған оқпен тең» деген халықтық нақыл уақытқа тәуелді құбылыс, тікелей эфирдегі жұмыс процесінің ең негізгі ережесі деуге әбден болады. Тікелей эфир кезіндегі мәтінді өңдеуге, қандай да бір қатені түзеуге ешқандай мүмкіндік жоқ. Тікелей эфирдегі әрбір әрекет жеке-жеке және тұтастай алғанда уақытқа тәуелді. Сондықтан да секундтар аясындағы сөйленген сөздің салмағы нысанаға алынуы шарт. Тікелей эфирдегі уақытты табысты өткізу – айрықша қабілеттіктің, тамаша тапқырлықтың, кәсіби шеберліктің нәтижесі, уақыт аясындағы журналистиканың шарықтау шегі. Тікелей эфир қамтыған аудиторияның аумағы да, жүргізуші-журналист сөйлеген сөздің салмағы да уақыт таразысымен өлшенеді. Демек, тікелей эфир – уақытқа тәуелді құбылыс. Ал екіншіден тікелей эфир дегеніміз – теледидардағы интерактивтілік. Интерактив деген не? Бұл кәдімгі тікелей эфирдегі кері байланыс, көрерменнен келіп түсетін телефон қоңырауы, пейджер арқылы алынатын хабарлама, тұтастай алғанда эфирдің мазмұны мен құрылымы. Енді сол кері байланыс орнататын құралдарға жеке-жеке тоқталсақ.  Пейджер. Біржақты, соған қарамастан, кері байланыстың ең тиімді түрі. Эфирлік студиядағы пейджерге көрермендердің жүргізушіге айтқан тілектері, жолдаған құттықтаулары келіп түседі, ал жүргізуші жауапты тікелей эфир арқылы береді. Респубикалық деңгейдегі телеарналарда жүретін тікелей эфир хабарлары қазір пейджерді пайдаланбады. Өзіміз күнде көріп жүрген Шығыс Қазақстан облыстық телеарнасындағы «Таң жарық» интерактивті ойын-сауық бағдарламасында пейджердің алатын орны ерекше. Көптеген құттықтаулар мен тілектер, сауалдар, кейбір ұйымдастырылған ойын жауаптары пейджерге толассыз түсіп жатады. Телефон желісі бос болмағанда пейджер көрермен үшін көп көмегін береді.  Телефон. Телефон желісіндегі көрерменмен кері байланыс қазіргі заманғы тележурналистикада кеңінен қолданылуда. Телефон арқылы құттықтау жолдайды, тыңдағысы келген әндерін сұрайды, шақырылған студия қонағына өзін мазалағын сауалын қояды. Және соның бәрі тікелей эфирде өз дауысымен айтады, бағдарламаға қатысып отырған қонақпен тілдеседі, өз пікірін білдіріп, ой таластыруға мүмкіндік алады. Жүргізушілер ескерер тағы бір жайт, телефон шалушы көрермен ә дегенде тікелей эфирге дауысым естіліп тұр деп ойламайды немесе мен оларды естіп тұрмын, олар мені тыңдап отырған жоқ деп ойлайды. Сол себепті қайта-қайта «алло, алло» деп біраз уақытты алады. Онымен қоймай, дауыс естілмей тұр деп теледидардың дауысын барынша жоғары қояды. Мұның салдарынан эфирде шыңылдаған жағымсыз шу пайда болады. Тәжірибелі жүргізуші мұндай кезде бірден хабарласушымен амандасып, теледидардың дауысын сәл бәсеңдетіп қоюуды өтінуі шарт. Олай етпегенде телефонның арғы бетіндегі көрерменмен  бергі бетіндегі жүргізушілер бір-бірін естімейді. Біздің тәжірибеміз көрсеткендей, кей жағдайда көрермендер тарапынан жүргізушілерге деген жағымсыз пікір, былапыт сөздер айтылып кетуі мүмкін. Мұндай келеңсіздікті эфирге жібермеу үшін телефонда кезекшілік етіп отырған қызметкер сақ болғаны жөн. Ол хабарласқан адамнан не айтпағын, қандай сауал қоймағын егжей-тегжей сұрауы шарт. Егер оқыстан біз айтқандай жағдай бола қалса, жүргізуші ештеңе болмағандай жайбарақат, тіпті естімегендей күй танытқандары дұрыс. Соның бәрімен қатар, көрермендердің ұтыстарға, алуан түрлі телеойындарға қатысуы да интерактивтілікке жатқызуға болады. Әлбетте, телеойын жеңімпазының сыйлық алу үшін телеарнаға келуі дәстүрлі құбылысқа айналған. Бұл көрермен мен журналистерді жақындастыра түседі. Ал бұқара үшін жұмыс істейтін БАҚ өкілдеріне, нағыз журналистке көрермендердің алғысы мен рахметін алғаннан асқан бақыт жоқ. Бұл тек сол жүргізушінің беделін өсірмейді, бұл журналист қызмет ететін арнаның рейтингінің өсуіне ықпал етеді. Сонымен, қазіргі заманғы теледидардағы интерактивтілік біздің қоғамымыздағы электронды бұқаралық ақпарат құралдарын үйлесімді шоғырландыруға мүмкіндік береді.