Отандық телеарналардың қалыптасуы мен дамуы

Электр қуаттарынан бастау алып, жартылай өткізгіштерді, олардың сапасын жыл сайын дамытып, жетілдіріп, бүгінгі күні Қазақстандық теледидар техникалық үрдіске жетіп отыр. Келешекте де ол шексіз дами бермек. Елімізде алғаш рет 1958 жылы 1 қаңтар күні Өскемен қаласында көгілдір қобдишаларға жан бітсе, ал ресми күн, яғни, қазақ жеріндегі алғашқы телестудия тұңғыш хабарын 1958 жылы 8 наурыз күні ресми түрде іске қосып, алғашқы отандық телекамералар мен техникалық телеорталық Алматы қаласында шымылдығын ашты. Стационарлы телекамералар қарапайым механиканың негізінде қолмен оптикалық линзаларды ауыстырып отырды. Бірер жылдан кейін өткен ғасырдың 70 жылдары чех камераларымен толықтырылды. Чех камераларының көрсету сапасы оңды болғанымен, ауыстыру процесі өте қолайсыз болды да, бірер жылдардан соң совет-француздық (SEKAM III), американдық (NTSC) және батысгермандық (PAL), кейіннен жапондардың CONI жетілдірілген жүйелерімен ауыстырылды. Теледидар ол кездерде, негізінен, бұқаралық ақпаратты хабарлармен қоса әдеби, мәдени, концерттік негізінде ресми хабарлар мен өндіріс, ауыл шаруашылығы, бағдарламаларын көрсете бастады. Стационарлы студиялық хабарлармен қоса байтақ республикамыздың жер-жерінен ақпараттар беріліп, көрсетіліп отырды. Студиялардан тыс жерлерден кинокамералармен соңынан 16 мм. жіңішке пленкалар кеңінен пайдаланды. Іле-шала облыстық студиялар бірінен соң бірі іске қосылып жатты. Телестудиялардағы техникалардың пәрменділігі арта бастады. Жылжымалы телестанциялар теледидардың мүмкіндігін еселеп арттырды. Ендігі жерде телетехниканың күн санап жаңа үрдіс алып дамуы маман инженерлермен, техниктермен толығып, шығармашылылық топтың алдында шұғыл шешімін керек ететін сұраныстар мен талаптарды қойды. Иә, шынында, инженерлік жаңалықтар телетехника саласындағы ұшқыр ойлары мен дамуы, енді тек тележурналистика саласының дами бастауы елдің, Үкіметтің, шаруашылықтың, өнердің, яғни, қайнаған өмірдің сұраныстарын, оның болмысын анықтау керек болды. Совет Масғұтов «Көгілдір экран-өмір айнасы» (1976 ж.) кітабінда сиқырлы көк сандыққа осылай анықтама берген. Қазақ тілі тағы салмақты да, салиқалы сөзбен толықтырылды. «Көгілдір экран-өмір айнасы, расында да өмірімізге ентелей енген теледидар индустриясы газет пен радионы ақпараттар айдынынан сәл ығыстырғандай. 1958 жылдан 60 жылдардың соңына дейін қазақ теледидарының қалыптасу кезеңі десек, тек ақпараттық, концертік бағдарламалардың сценарийлік негізінде телеқойылымдар, күрделі көркем телепублицистикалық хабарлар үлкен дайындықпен, телетехникалық жетістіктермен журналистік ой-толғауларды бір бағытқа бағдарлап, әрбір сюжет пен телеочерк, қойылымдардың мақсатын айқындап алу талабы қосылды. Бұл жерде қазақстандық телеарналардың көшбасшысы бұрынғы Қазақ теледидарына ерекше тоқталған жөн. Қазақ теледидары  - бүгінде 100 ге жуық телекомпаниялардың көшбасшысы. 48 жылдық тарихтың қиын да қызықты жолында ол араласпаған оқиға, бармаған жер, көтермеген мәселелері кемде-кем. Тарихы мен халық жады, ұрпақ тәрбиесі мен білім-ғылым саласы, мәдениеті мен дәстүрі, экономикасы мен саясаты, өндірісі мен шаруашылығы оның күнделікті хабарына арқау болды.   1958 жылдың 8 наурызында Алматыда алғаш рет көгілдір экран жарқ етіп ашылғанда сол телеарна басында қазақ телеөнерінің балапан қанатын қатайтып, биікке самғауы үшін білімдері мен біліктерін аямаған Ғ.Жанысбаев, Л.Ғалымжанова, С.Шәріпов сяиықты телередакторлар мен телережиссерлер тұрды. Статистикада сақталған тарихи цифр бойынша, сол кезде Алматы және облыстағы 4 100  телевизиялық қабылдағыш Қазақ телевизиясының алғашқы бағдарламасының трансляциясын тұтқан. Алматыдан кейін көгілдір экран Қарағанды мен Өскеменде, Жезқазған мен Балқашта, Ақтөбе мен Семейде көрсете бастады. Қазақ теледидарының «алтын ғасырына» баланған 70-90 жылдар шын мәнінде көгілдір айнамыздың жан-жақты кемелденіп, шарықтаған кезеңі болды. Сол бір жылдары 13 бас редакция жыл сайын түрлі салаларға арнап 130-150 топтама бағдарламалар жасап отырды.   Қазақстандық телеарналардың ішіндегі тәжірибесі жағынан толысқан, тарихы бай, мұрағаты мол Қазақстан ұлттық телеарнасы ескі мен жаңаны қосып тұрған көпір сияқты. Бұрынғы қазақ теледидары қазіргі бірегей телеарна қай деңгейде? Көкірегі ояу, көзі ашық көрерменнің әрбірін мазалайтын орынды сұрақ. 48 жыл. Бой өсіп, ақыл тоғытатын, ой кемелденіп, пайым-парасаттылыққа ұласатын қуатты шақ. Отызында орда бұзған жас түлектің бүгінде жетпістің қырқасындағы шағы. Бажайлай қарасақ, өткен шақпен үндесіп, бүгінге жеткен көз көрген қауымның да қатары сирексіп, барлардың өзі шау тартқандай. Қазақ топырағында теледидар іргесін қалаған Қ.Сағындықов, Х.Абылғаин, Ә.Байжанбаев, С.Нұрғалинов, И.Саввин,  В. Прасолов, С. Шәріпов, И.Смирнов, В.Немирский, Н.Қожасбаев, Қ.Мусин, М.Барманқұлов, С. Масғұтов сияқты арыстардың көпшілігі бүгінде арамызда жоқ. Жаңа өнердің қадасын қағып, қабырғасын бекемдеген сол азаматтарды бүгінгі теледидар төріндегі жаңа жұлдыздар білмейді де. Олай дейтініміз, туған теледидарымыз туралы жүйелі жазылған тарих, терең зерттелген ғылыми еңбек аз.  Ағалар салған сара жолмен 60-80 жылдары арынды келген бір топ  жастар легі Ж.  Смақов, Ж.Нұсқабай, С.Оразалин, Қ.Игісін, С. Қаратаев, Ф. Бегенбаева,  Л. Есенов, Ы. Қасымов, Ш. Баймолдина, Ғ. Шалахметов, С. Әшімбаев,  Л.Сейітов, Қ.Қорған, Н.Иманғалиұлы, С.Байхонов, Қ.Аралбаев, Б.Құсанбаек,  Ә.Ысқақова сынды мамандар теледидар көгіне қалықтап шықты. Бастау бұлағында Ұлы Даланың ешқашанда тот баспайтын, ұрпақтан-ұрпаққа ауысып жатқан ауыз әдебиетінің мол үлгілерінен сусындап өскен, шешендік өнерге етене жақын, сөз құдіретінен ой түйдегін ағытқан от түлектер қыры да сыры да мол өнер түрінің қалың қалтарыстарындағы құпияларға шындап ден қойды. Ұлтқа әлі сіңісе қоймаған телеөнер саласын игеру, оның сырларына кірігу оларға оңай болған жоқ. Сыры да мол, сымбаты да көз қаритындай телеөнердегі ізденістер мен іркілістер, тәжірибелер мен жаңалықтар да сол жылдары қомақты болды. Қазақ теледидарының қалыптасу кезеңі мен даму процестеріне кеңестік теледидар моделі негіз болды. Оған себеп, әлемдік теледидар тарихына орыс экран өнерінің қосқан мол мұрағаты бар. 30- шы жылдардан бастау алған Кеңес теледидары 60 жыл бойына дүниежүзіндегі экран алпауыттарымен иық теңестіре жүріп, мол тәжірибе жинақтады. Радио мен газет, театр мен кино шекпенінен шыққан адуында шоғыр өздерімен бірге телеэкранға жаңа бір леп, тың түр мен соны пішін алып келді. Эфирдегі шеберлік, режиссерлік шешімділік, операторлық қырағылық, от ауызды, орақ тілді жүргізушілер құдіреті 60-80- ші жылдар аралығында кеңестік көрермендерін теледидар өнерінің құдіреттілігіне бас идірді. Бейнелік қатардағы бояу түрлерінің алуандығы мен теледидардағы техникалық мүмкіндікті молынан пайдаланған мәскеулік экран шеберлерінен тәлім алар тұстар да, көңілге түйер ойлар да, үлгі болар формалар да мол болатын. Қазақ жастарының экран өнеріне тез кірігіп, еркін меңгеруіне отандық театр мен радио, кино өнеріндегі тамаша жетістіктер өздерінің игі әсерін тигізді. Дегенмен, ұлттық телеөнерімізге АҚШ, Еуропа, Ресей телесахнасынан бөлек, ұлттық бояуға бай, халықтық өркениетке де бейімделу қажет болатын. Ал мұның өзі өзге қырынан қарағанда, экранда ұлттық қасиетпен шектелу еді. Бұл жолдың теледидардың өзінен-өзі оқшауланып, олардың өмір сүру кеңістігін тарылтып, көрермендер аудиториясының азаюына  алып келетіндігі тағы аян. Сондықтан экран өнері жаңа пішіндер мен тың идеяларды қажетсінеді. Онсыз теледидар тек қазақ тынысымен тыныстап, ұлтына тән ұлттық бояумен ғана өрнектелініп қалатын. Ол ашылмаған құпиясы мол өнердің өзіне тән көркемдік қасиетінен айырылып, қазақ менталитетінің мұрасымен ғана сусындауына алып келетін жол еді.  Өнер түрінің бәрі де ұлттық сананың қалыптасуы мен дамуына, қоғамдағы көңіл-күйге, рухани дүниемізге елеулі әсер етеді. Бейне мен дыбыстың бір мезгілде қатар тоғыса келіп, психологиялық көңіл-күйге әсер ететін сілкіністің құдірет-қарымы шексіз. Өмірдегі күрмеуі мол проблемалар, қоғамдағы күрделі өзгерістер де сол жылдардағы сан салалы хабарлар өзегіне негізделіп, көрерменге ұсынылып жатты. 60- шы жылдардағы «Телевизиялық кафе», «Пай-пай жиырма бес», «...Афтограф береді», «Мыңдар жарысының маршрутымен», «Сырласу», «Жолдас» хабарлары сан мыңдаған аудиториямен жылы қауышып, жүректерге жол тапты