Журналистика –қоғамдық-саяси және ақпараттық қызметтің саласы

Ақпараттық материал «Не болды, кім жасады, қашан, қалай, неге, енді болмақ?»деген негізгі алты сұраққа қысқа, түсінікті жауап береді. Газетке жаңа келген журналистті тығырыққа тірейтін нәрсе – жазатын тақырып, жаңалық табу. «Мәссаған!» дегізетін ақпаратты қиналмастан табудың рецепті бар болса, журналист мамандық болудан қалар еді. Өйткені, журналистикадағы негізгі проблеманың өзі де осы. Қоғамды ақпаратпен қамтамасыз ету журналистиканың міндеті. Өйткені, кез келген қоғам мүшесі үкіметте, парламентте, жергілікті басқару органдарында немесе елдің өзге аймақтарында не болып жатқанын өздігінен барып біле алмайды. Сондықтан, өз мақалаларыңда ақпаратты алып отырған ақпарат көзіне нақты сілтеме жасауды естен шығармаған жөн. Америкалық журналист Маргарэт Фрини сілтеме жасауда және мақалаға белгілі бір адамның пікірін қосарда мына бір ережеге сүйенуге шақырады:

1. Ақпаратты қайдан алдың?

2. Бұл фактіні саған кім айтты?

3. Сен айтқан ақпараттың шындыққа сай екендігін оқырманың қалай біледі?

4. Берілген ақпаратты тағы да тексеріп ал! Екінші ақпарат көзінен не болмаса, үшінші ақпарат көзінен нақтылап алуға тырыс. Бәлкім, бұл ақпарат негізсіз шығар?

Ақпараттың маңыздылығы сол – сенің жазған мақалаңнан ақпарат алу арқылы, оқырман әрі қарай шешім қабылдауға мүмкіндік алады. Ақпарат жинау үшін журналиске толып жатқан органдардың, ұйымдардың, компаниялардың, лауазымды қызметкерлердің, танымал адамдардың телефон нөмірлерінің тізімі қажет. Ақпаратпен айналысатын тілші төтенше оқиғаны өзгелерден бұрын білудің сан түрлі жолдарын табуы керек. Ол маңызды мәлімет беретін адамдармен үнемі қарым-қатынаста болады. Журналистің «ақпарат берушілер жүйесі» осылай қалыптасады. Сонымен, ең басты ақпарат көзі – адамдар. Яғни мәселені білетін, қатысы бар немесе жағдайды көзімен көрген кісілердің аузынан шыққан фразалар. Негізгі ақпарат қалтарыста, сөйлеушінің сөз арасында айта салған мәліметтерінде жатуы мүмкін. Ақпаратты мүмкіндігінше мол етіп жинау керек. Оқиға орнынан келген соң журналист ақпаратты іріктеп, талдауға кіріседі. Тастауға қимай, тапқан фактіңіздің бәрін тықпалай берсеңіз, материалыңыз оқырманды жалықтырады. Ақпарат дайындалып болғаннан кейін материалдың құрылысын жоспарлау керек. Жалпы айтқанда, бұл – фактілердің берілу реті. Бірақ материалдың сәтті шығуы оның құрылымына байланысты. Ақпаратты аса қажет етудің өте бір жақсы мысалын көркем шығармадан, Әбіш Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» романынан кездестіруге болады. Онда Әмір Темір өз құрметіне ханымының салдырған мұнарасын көргеннен кейін, оны салған шеберді зынданға тастап, әрі қарай, қала халқына оның ханымы мен шебер жайлы әлдебір ақпарат таралып кетпеді ме деп алаңдауы, ақпарат жинау үшін қалаға, базар маңына, жұрт жиналатын жерлерге жансыз жіберіп, ұзақты күнді кеш қылып, хабар күтетіні өте әдемі көрсетілген. Бұл әрине, көркем шығарма. Бірақ, ақпараттың алар орнынан хабар береді.  Яғни, бұл мысал да ақпараттың аса маңыздылығын суреттейді. Ақпаратпен қаруланған адам, ақпаратсыз адамның жанында көш ілгері тұратыны белгілі. Бірақ, ол ақпараттың анық-қанығы тексерілген болуы шарт. Бізде, өкініштісі сол, әзірше ақпараттан бұрын журналистің өзіндік ойы жүреді.