Журналистика –шығармашылық қызметтің саласы. БАҚ аудиториясы: қалыптасуы мен үйретудің проблемалары

Әрбір кәсіптің өз мамандығы болатыны секілді, журналист мамандық та өз саласы бойынша пайда болған. Ал қандай мамандық болса да өз ерекшелігімен көрінетіні белгілі. Демек, журналист басқаға ұқсамайтын, өзгелерден айырмашылығы бар мамандық. Ол өз шығармашылығы арқылы қоғамға, адамға қызмет етеді. Әрбір мамандық сияқты, журналистің де өзіне қатысты білім, іс-тәжірибесі болмақ. Кезінде ұлы ғалым М.Ломоносов журналист туралы өзекті ойларын айтқан. Оның еңбегі «Журналистік дәреже туралы диссертация» деп аталған. Жалпы журналист қандай дәрежеде жұмыс істесе де, қоғамдық ақпараттық саланың қызметкері болып есептеледі. Ол әркез жаңаны жақтаушы, бар жақсылықты қолдаушы болып табылады. Сөйтіп, газет-журнал немесе радио телевидениенің жұмысын атқарып, шығармашылық қызмет жасайды. Ол редакция жұмысында бірінші – ұйымдастырушылық, екінші - әдеби өңдеу, үшінші – шығармашылықпен айналысады. Бұл үшін оған білім мен қабілет керек. Оған қоса өмірдегі құбылыстардың мәнін түсіне білу де үлкен қасиет болып саналады. Қандай оқиғаны болсын тапқырлықпен, сенімді түрде, көз жеткізіп жазатын болуы керек. Жұртқа өмір жайлы толғап айта білу де үлкен өнер. Ол үшін тіл, сөз байлығын қолдану қажет. Тағы бір айтарлық жайт, журналист қоғамдық қайраткер бола алса, тіпті жақсы. Ол уақыт, заман ағымын жақсы түсінуі тиіс. Әсіресе, идеяға толы материалдар жазып, жұрттың назарын аудара білгені жөн.

Журналистің тағы бір қасиеті – оның саяси-әлеуметтік қызметінде, дүниеге деген көзқарасына, позициясына байланысты. Бұл – жан-жақты білімділік пен саяси-азаматтық тұрғыдан өсу, кемшіліктерге төзбеу, өз өмірін халық ісі үшін арнауға келіп тіреледі. Әрбір журналист өз елінің шын патриоты болумен бірге, сол мемлекеттегі және жер жүзіндегі оқиға-құбылыстарға сергектікпен қарап, жедел жариялап отыруы міндет. Журналист өз ісіне адал берілген маман болуы тиіс. Журналистің өз қызметін жемісті атқаруы үшін интеллектуалдық, психологиялық, шығармашылық қабілетін толық пайдаланып, сонымен бірге табанды, әділ, батыл қасиетімен де танылуы тиіс. Ал ақыл-ой, эрудиция бірінші орында тұруы керек. Сондай-ақ, журналистің жеке бас мәдениеті көп нәрсені аңғартады. Әсіресе, журналистің мәселені терең білушілігі аса қажет. Онсыз журналистің табысты жұмыс істеуі екіталай. Өмірде журналист әртүрлі жағдайға кездесуі мүмкін. Соның бәрінде жан-жақты хабардарлық, білімділік болмаса кей нәрсенің анық-қанығына жету, ақ-қарасын ашу оңай емес. Оқиға, фактіге жеңіл-желпі қарамай, оның түпкі мәніне, себеп-салдарына назар аудару керек. Ол үшін сол саладағы арнайы мамандармен кеңесу артық емес. Жаңа мәліметтерді салыстырып қарау жөн. Бәрі анық болғанда ғана журналист мақала жазу керек. Бұл орайда жақсы дайындық, жаңа мәселелерді тез аңғару, проблеманы байқай білу шарт. Сөйтіп ашық түрде өз көзқарасын да білдірген жөн. Сондықтан журналист әрқашан өз білімін теориялық тұрғыдан толықтырып, тәжірибелік тұрғыдан ізденіп, еңбек ете білгені дұрыс. Журналист болу үшін рухани және өмірлік дайындықтар болуы керек. өзіңді журналистік мамандыққа арнап, таңдағаннан кейін, сол жолда аянбай қызмет ету лазым. Ол принципті түрде, қайсарлықпен, бұқаралық ақпарат құралдары алдындағы өзінің міндетін, борышын бар күш-қайратын салып орындайтын маман. Бұл ретте журналист өзінің ұстамды мінезімен, қиындыққа қарсы тұратын күрескерлігімен, инициатива танытқыштығымен, тез арада шешімдер жасай білумен ерекшеленеді. Ол қай істе болсын нәтижеге жетуге тырысуы керек. Бұған қоса журналист кең пейілді, жаны жомарт, жақсылыққа құштар, мейірімді, жақсы дос, қиналғанда қол ұшын беретін жан болуы да үлкен қасиет. Ол менмендіктен аулақ болуы керек, өзін-өзі ұстауы мен іс-әрекеті арқылы өзгелерге үлгі-өнеге бола білгені ғанибет. Журналист жұртпен тіл табысқыш болса, тіпті жақсы. Ол қашанда жинақы, қиын жағдайдың өзінде жұмыс істей алатын, аңғарымпаз және сезгіш болуы керек. Оған есте сақтағыш қабілет те өте қажет. Тез ойлап, тез жазу да жақсы нышан. Журналистің өз жұмыс істеу тәсілі, өз ерекшелігі болуы заңды. әркімнің, сондай-ақ өзі қалайтын тақырыбы да болуы мүмкін. Журналистің стиль қалыптастыруы да үлкен жетістік. Ал жалпы кәсіби және шығармашылық қасиет пен ерекшелік бір-бірімен ұштасқанда нағыз журналист қалыптаспақ. Журналист өз қызметінде тек қана шындықты жазып, барлық мәселені объективті түрде қарау керек. Нағыз журналист өнеге болуы тиіс. Журналистің жұмысы халықтың сынына түседі, оған халық төрелік етеді. Сондықтан журналист өз мамандығының, қызметінің халыққа керек екенін терең сезініп, жуапкершілігін, борышын адал атқаруы міндет.