ҚАЗАҚ ЖУРНАЛИСТИКАСЫ

Бұқаралық ақпарат құралдары (газет, журнал, радио, теледидар, т.б.) арқылы елдегі және әлемдегі жаңалықтар мен оқиғалар, саяси, әлеуметтік, экономикалық, мәдени, рухани құбылыстар жөнінде халыққа ақпарат тарататын шығармашылық қызмет түрі. Қ. ж. Қазақстанның әр кезеңдегі газет, журнал материалдарын, радио, теледидар, киножурналдар хабарларын, мерзімдік басылымдар тарихы мен теориясын зерттейтін ғылым саласына айналған. Оның бұқаралық, қоғамдық-саяси, арнаулы және салалық мерзімді басылымдар мен радио, теледидар арқылы қоғамдық пікір қалыптастыруда маңызы зор. Қ. ж. мерзімді баспасөз түрінде 19 ғ-дың аяғынан қалыптасты. Ташкентте шығып тұрған “Түркістан уалаятының газеті” (1870 – 1882) мен Омбыда жарық көрген “Дала уалаятының газеті” (1888 – 1902) Қ. ж-ның алғашқы беттерін ашты. 20 ғ-дың басында М.Дулатов “Серке” (1907) газетін, М.Сералин “Айқап” (1911 – 15) журналын, Е.Бұйрин “Қазақстан” (1911 – 13) газетін, А.Байтұрсынов “Қазақ” (1913 – 18) газетін жарыққа шығарды. Байтұрсынов, Ә.Бөкейхан, М.Дулатов, М.Шоқай, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, Х.Досмұхамедұлы, К.Кемеңгеров, Ж.Ақпаев, М.Тынышбаев, т.б. алаш қайраткерлері қазақ демокр. баспасөздің дамуына зор үлес қосты. “Тұрмыс” (1905), “Еркін қазақ”, “Алаш” (1916), “Бірлік туы” (1917), “Сарыарқа” (1917), “Абай” (1918), “Жас азамат” (1918), “Ақ жол” (1920), “Шолпан” (1923), “Сана” (1923), “Темір қазық” (1923), т.б. газеттер мен журналдардағы қазақ зиялыларының публицист. еңбектері қазақ халқының саяси, әлеум.-экон., мәдени-рухани мәселелерін көтеріп, ұлттық сана-сезімінің оянуына, елдегі демокр. үрдістердің дамуына жол ашты. Бұл кезеңде Қ. ж. барлық жанрларда тақырыптық, идеялық жағынан өріс алды. Қ. ж. кеңес дәуірінде қалыптасып, даму кезеңінен өтті. Қазақстанның журналистика саласы қоғамдық-саяси өмірдің барлық саласына араласып, белсенділік көрсетті. Қазан төңкерісінен кейінгі жылдарда қазақ тілінде шығып тұрған газет, бұқаралық, қоғамдық-саяси және әдеби-көркем журналдарда – ақпараттық, публицист., көркем шығармалар, қоғамдық-танымдық материалдар, фотосурет және бейнелеу өнерінің туындылары; ғыл.-көпшілік, ғыл.-ақпараттық журналдарда – ғыл.-зерт. мақалалары, аннотациялар, ғыл. хабарлар; сатиралық журналдарда – әзіл-сықақ шығармалары, фельетондар, спорттық және өндірістік-тех. журналдарда – осы салаға қатысты материалдар жарық көрді. Қазақстанда журналист мамандарын дайындау ісі айтарлықтай дамыды. 1934 ж. құрылған Қазақ журналистика ин-ты 1941 жылғы шілдеде қазіргі Қазақ ұлттық ун-тінің журналистика ф-тіне өзгеріп, 60-жылдардан Қ. ж-ның теориясы, тарихы мен тәжірибесі мәселелерін зерттейтін ғыл. орт-қа айналды. Қазақстанда радио және тележурналистика жылдам дамыды. 20 ғ-дың 1931 ж. 4 мамырда республикада бұқаралық радиохабарлау басталды, 1958 ж. 8 наурызда Алматы студиясының алғашқы байқау телехабарлары беріліп, кейін теледидар орт-тары республиканың басқа аймақтарында іске қосылды. 1959 жылдан Қазақстан баспасөз құралдары өкілдерінің шығарм. ұйымы – Қазақстан журналистер одағы құрылды. Қазақ журналистерінің тақырып таңдау, мәселе қою, журналистік стиль шеберлігінің бай үлгілері қалыптасты. 20 ғ-дың 1-ширегінің аяғына қарай Қазақстанда киножурналистика саласы бой көрсетіп, Қ. ж. ілгері дамыды. Алайда, кеңестік идеологияның салдарынан Қ. ж. жан-жақты дами алмай, шектеулі талаптардан әрі аса алмады.

Тәуелсіздік жылдары елдің журналистика саласы жылдам қарқынмен дамыды. Көптеген тәуелсіз газет-журналдар, телеарналар мен радиостансалар пайда болып, бұқаралық ақпарат тарату рыногі  орнықты. Кәсіби журналист мамандар заманға сай ақпарат құралдарын қалыптастыруға күш салды. Қ. ж. алдында өзіндік ақпарат кеңістігін құрып, дамыту, шет елдерде тыңдарман қауымын көбейту секілді міндеттер туды. Осы мақсатпен республикада Казинформ, Халықар. “Каспионет” телекомпаниясы, Қазақстан журналистер академиясы құрылды, Еуразия медиа-форумдары, Қазақстан журналистерінің конгрестері, т.б. іс-шаралар өткізілді. Қ. ж. дамудың жаңа сатысына аяқ басып, әлемдік журналистика кеңістігінде жаңа биікке көтерілді. Ғылым мен техниканың дамуы Қ. ж-на күрт өзгерістер әкелді. Ақпараттық хабарларды таратудың жеделдігі, объективтілігі, сапасы артты. Қазақстанның ақпарат құралдары әлемнің түкпір-түкпірінде болып жатқан елеулі оқиғалар туралы дер кезінде толық хабардар етеді. Қ. ж. жеке ғылым саласы ретінде біршама зерттелген. Баспасөздің тарихына, оның жанрлық, стильдік мәселелеріне, қазақ журналистерінің  шығарм. табыстарына арналған іргелі зерттеулер жарық көрді. Қ. ж-ның тарихы мен тәжірибесі жеке пән ретінде журналист мамандарын даярлайтын жоғары оқу орындарында оқытылады.