Журналист маманын даярлаудағы дәстүр мен жаңашылдық

Елімізде журналистика мамандығына даярлайтын жоғары мектептер бар. Және бұл мамандану  ҚР Білім беру және  ғылым министрлігі бекіткен 5B050400– журналистика бакалавры, 6М050400 – журналистика магистрі, 6D050400 – PhD докторантура бойынша жүзеге асады.

Баспасөз және электронды БАҚ, ақпараттық агенттіктер мен жаңа медиа саласына мамандар даярлау ақпараттық технологиялар заманында талаптар қоятыны рас.  Журналистика және бұқаралық коммуникация саласында мамандарды факультеттер мен кафедралар Алматы, Астана, Қарағанды, Түркістан, Павлодар т.б. қалаларындағы жоғары оқу орындарында дайындайды.

Солардың қатарында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың баспасөз және электронды БАҚ кафедрасы базасында М.Барманқұлов атындағы телерадиокешені қолдауымен университеттік желіде тарайтын «Әл-Фараби»  студенттік арнасы, «Әл-Фараби» радиосы, «Фотожурналист» студенттік  фотозертханасы жұмыс істейді. БАҚ нарығына білікті мамандарды дайындау тәжірибемен, үздіксіз зертханалық білім берумен тікелей қатысты. Осы орайда университеттік кампусқа тарайтын «Әл-Фараби» радиосы мен «Әл-Фараби» арнасының студенттердің болашақ кәсібін іс жүзінде игеруге мүмкіндік беретіні ерекше атаған дұрыс. 

Мәселен, журналист болам деп талапкерге мына ақпарат елең еткізері сөзсіз.  Күнделікті таңертең университеттік кампустың жергілікті торабына, сондай-ақ http://www.kaznu.kz,  http://youngreporter.kz/ порталдары ақылы Интернет кеңістігіне тарайтын «Әл-Фараби» радиосына өзіңдей «Жас дауыс» керек. Егер сен: жүргізуші-редактор, саунд-редактор, диджей шеберлігін үйренгің;  студияда аудиоматериалдарды редакциялауға дағдыланғың; әнмен әрлеу құпиясын меңгергің; әуе толқынында дауысыңызды естігің келсе, онда       «Әл-Фараби» радиосының жас дауысына айнал!

Сондай-ақ, жасыратыны жоқ.  Журналистика факультеті табалдырығын аттаған әрбір студенттің көңіл түкпірінде «тележұлдыз» болсам деген арманмен келеді. Сіз «Қазақстан», «Хабар», «Алматы»  арналарына эфирге шығып, жаңалықтар  не авторлық шоу  жүргізгіңіз келеді. Дегенмен  тележурналистиканың теориялық курстарымен қатар тәжірибе, дағды қажет.  Осындайда шығармашылық қиялға ерік беріп қоймастан Барманқұлов атындағы телерадиокешеніне келіп: «Әл-Фараби» арнасында Сіздермен болған…»- деп студенттік телестудияда жаңалықтар жүргізуге мүмкіндік аласың.

Ең алдымен, журналистикадағы элеткронды жаңалықтар легі сандық камераның объективі арқылы жасалады. Студенттік өмірдің қас-қағым сәтін сандық форматта саяхаттауға болатыны рас. Фотобъективке тұтас әлем  сияды. Ал елордасы Астанадағы ерке Есілге жағалай қонған Еуразия университетінің оқу ғимараттарын, әсем Алматыдағы Алатау бауырына орналасқан жастықтың қаласы  КазҰУ кампусы   жайлы  фотоколлаж дайындауға мүмкіндік арта түсетіні рас.  Осылайша журналистика саласында білім беру қалыптасқан дәстүрмен қатар,  заманы озық технологияларды игерумен, соларды қолдана отырып, жаңа жобалар жасаумен ерекшеленеді.

 

Журналистика ғылыми мектебінің қалыптасуы, дамуы

Елімізде журналистика ғылыми мектебінің 80 жылға жуық тарихы бар. Қазақстандық журналистика ғылыми мектебінің негізін қалаған, қалыптасуына, дамуына ықпал еткен Т. Амандосов, Қ. Бекхожин, Т.Қожакеев, М.К. Барманқұлов, Н.Омашев, С.Қ.Қозыбаев сияқты профессор-ұстаздардың ғылыми еңбектері ерекше. Ф.ғ.д., профессор Т.Амандосов қазақ баспасөзі жанрларының теориясының негізін салған, жанрлар типологиясын зерттеген. Ф.ғ.д., профессор Қ. Бекхожин қазақ журналистикасы тарихының очерктер циклын жазған ғалым журналисткиа тарихын зерттеудің теориялық және практикалық   негізін қалады. Ф.ғ.д., профессор Т.Қожакеев қазақ сатирасының теориясының негізін қалаған, қазақ журналистикасы тарихында елеулі еңбектер қалдырған  көрнеті ғалым. Ф.ғ.д., профессор М.Барманқұлов қазақ тележурналистикасының теориялық және практикалық мәселелері бойынша тұңғыш зерттеу жүргізген, қазақ теле және Интернет журналистикасы саласын зерттеудің негізін қалаған ғалым. Ф.ғ.д., профессор Н.Омашев қазақ радиожурналистикасының теориялық және практикалық мәселелерін зерттеудің негізін қалаған. Ф.ғ.д., профессор С.Қозыбаев қазақ журналистикасының қазіргі заманғы тарихын зерттеудің негізін қалаған көрнекті ғалым. Бүгінде аталмыш ғылыми мектеп ғалымдары еліміздің белді оқу орындарында ғылыми-зерттеулер жүргізуде.

Болон үдерісі форматында журналистер дайындау мәселесі  

Коммуникация желілерінің жылдам өріс алуы: әлеуметтік желілер, блогосфера, видеоарналар, веб-радиолар, мультимедиалық гаджеттер, подкасттар т.б. – журналистиканың жаңа моделін дүниеге әкелді. БАҚ, сондай-ақ журналистика қоғам дамуында, қоғамды басқаруда айтарлықтай жаңа рөлге ие болды.

Журналистика енді кәсіп, қызмет, мамандық болудан гөрі үлкен міндеттер арқалаған миссияға айналды. Бұл өзгерістер бізге инновациялық журналистика деген атауды лексиконымызға енгізді. Инновациялық журналистика бір оқиға аясындағы жаңалықтар мен хабарларды тарату концепциясынан бас тартып, бұқараға  сол оқиғаны түрлі көзқарас тұрғысынан талдауға мүмкіндік берді. Журналистика азаматтардың назарын аударуға, қоғамдық пікірсайыстар туғызуға, жаңа ізденістердің бастамашысы ретінде, медиатор ретінде қызмет атқаруда.

Міне, сондықтан журналистерді даярлаудағы инновациялық модель бүгінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің басты стратегиялық мақсаты саналды.  Бұл мақсат зерттеу университетіне трансформациялану кезеңінде жоғары мектеп өміріндегі реформалардың орындалуы, шешімі табылар тұсы факультеттен бастау алады. Сондықтан білім, ғылым және өндіріске негізделген үдерістердің орындалатын, үйлесетін орны да алдымен кафедра, сосын факультет. Осыған орай журналистика,  қоғаммен байланыс, баспа ісі және дизайн мамандықтары бойынша білім берудің стратегиялық дамуы 3 бағытта  жүзеге асуы тиіс:

 

1.     Білім беру: журналистика, қоғаммен байланыс, дизайн, баспа ісі салаларында білім беру үдерісін үздіксіз жетілдіру, модульдік білім беру жүйесін тиімді енгізу, білім алушылардың акамедиялық мобильдігін арттыру және т.б. Білім беру, ғылыми зерттеу және өндірістік-тәжірибелік жұмыстарын академиялық ортада таныту және осы саладағы мамандармен пікіралмасу, тәжірибе бөлісуге арналған ғылыми-ағарту форматындағы шараларды өткізу, оларды  дәстүрге айналдыру.

2.     Ғылыми-зерттеу жұмыстары: бұқаралық коммуникация теориясы мен практикасы, қоғаммен байланыс технологиялары, коммуникациялық менеджмент пен аудит, медиамаркетинг пен медиаменеджмент салаларында іргелі және қолданбалы зерттеулерді орындау, мемлекеттік және халықаралық ұйымдармен бірлескен жобаларды жүзеге асыру, студенттік үздік ғылыми жобаларды өндіріске енгізу  және т.б.

3.     Өндіріс: «коммуникация – бизнес» қағидасы негізінде мединарықты зерттейтін, БАҚ-ты нарықта тиімді позициялайтын, медиаимиджеологиялық, сонымен қатар сайлауалды науқандары мен саяси маркетингтік зерттеу жүргізетін медиакоммуникация  зертханаларын негіздеу, құрылымдау, қызметін жолға қою, университеттің жағымды имиджі қалыптасуы бағытында жетілдіру, сондай-ақ бәсекеге қабілетті, білікті де білімді мамандарды даярлау.

Қазақстандық БАҚ нарығының бәсекеге қабілеттілігінің басты факторы – білікті де кәсіби медиаменеджерлер жүйесі қалыптасуы керек.

Сондықтан бұл салада журналист  мамандарын дайындауда үлкен міндеттер, жауапкершілік жүктеледі.  Білім беру үдерсінде журналистика саласында мамандар даярлауда негізгі оқу жоспарлары  ақпараттық сектор мен жаһандық коммуникативтік үрдістер талаптарына сәйкес әзірленді. Әрине, оқу жоспарларының басты концепциясы ретінде ақпараттық сегменттегі бұқаралық коммуникацияның ерекшеліктері мен талаптары алдыңғы орында тұрді.

Студенттердің  журналистика негіздерінен бастап БАҚ жанрлары, бұқаралық ақпарат технологияларын, БАҚ-тың тілі және стилін меңгеру құзіреттіліктері жан-жақты қамтылды.

Сондай-ақ  журналист мамандығын таңдаған студент жеке білім алу траекториясы бойынша телевизия, радиожуранлистика, он-лайн журналистика, халықаралық журналистикамен қатар медиа-рилейшнз салаларын толық қамтиды.

Магистратурада білімін жалғастыратын магистранттардың оқу жоспарында міндетті мамандандыру модулі бойынша «Журналистика ғылым тақырыбын зерттеудің жаңа әдістері»,  «Ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру  және жоспарлау», «Конвергенттік журналистика» курстарын оқиды.

«Журналистикадағы зерттеу әдістері»,  «Бұқаралық коммуникация модельдері», «Электронды журналистика» сияқты модельдік тұрғыда бір бағытқа жинақталған үш білім беру бағдарламасы ұсынылды. Яғни магистранттардың журналистикадағы зерттеу методологиялары мен технологиялары саласында құзіреттілігін арттыру осы жоспардың басты акедемиялық саясаты саналды.

 

PhD докторларын даярлауда  бұқаралық коммуникацияны зерттеу әдістері мен методологиясын терең иегруге, зерттеулер жүргізуге құзіреттілігін арттыру әдістері қарастырылды. PhD докторант «Қазіргі методология және бұқаралық коммуникацияны зерттеудің өзекті тәсілдері» курсын міндетті пән ретінде оқиды.

PhD докторант дербес білім беру траекториясын таңдауға мүмкіндік алады. Бұл бағыттағы оқу жоспары концепциясы халықаралық деңгейде ақпараттық нарықтың басты трендтерін шолудан, зерттеуден және осы үрдістерді талдау, бағалаудан тұратын құзіреттілікке құрылды.

«Бұқаралық коммуникация» білім беру бағдарламасы аясында PhD докторант «Медиакомпаниялардың коммуникациялық стратегиялары», «Желілік коммуникацияның модельдері»,  «БАҚ-тағы онлайн және оффлайн коммуникация», «Сандық дәуірдегі бұқаралық коммуникация құралдары»,  «Инновация және журналистика» атты  модульдарды таңдай алады.

Яғни журналистика саласында білім алатын бакалавр, магистрант және PhD  докторанттың өз саласындағы базалық терең білімге құрылған ең озық технологияларды,  тиімді методологиялық зерттеу құзіреттілігін игеру – негізгі оқу жоспарының басты академиялық концепциясы. Іс жүзінде оқу үдерсінде қолданыстағы жоспарлар алдағы уақытта еліміздің ақпараттық сегментіне жоғары білікті мамандар, бәсекеге қабілетті журналистер толқынын дайындайды деуге толық негіз бар.

Сондықтан соңғы онжылдықта жаңа технологияны меңгерген әмбебап мамандарға сұраныс артуда. Бұл ақпараттық, визуальдық материалдарды жинап, өңдей алатын бірнеше қызметті қатар атқаратын  журналистиканың жаңа моделі.

Студенттік ғылым әлемі жолындағы ізденістер

Соңғы үш жылда елімізде журналистика саласында ғалымдар тобы ҚР БҒМ іргелі және қолданбалы зерттеулерді гранттық қаржыландыру бағдарламалары бойынша жұмыстар жүргізуде. 2013 жылы алғаш рет ғылыми жоба аясында кафедра студенттері «Қазақ елі»  ғылыми экспедициясы еліміздің Қызылорда, Маңғыстау, Семей аймақтарында зерттеулер жүргізді. Жыл сайын дәстүрлі түрде Барманқұлов, Қожакеев, Беқхожин оқулары өткізіледі. Университеттік деңгдейде Жас оқытушылар мектебі ашылып, оның семинарлары мерзімді түрде өткізіп келеді.

Халықаралық «WIKIBilim» ҚҚ қолдауымен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де студенттік бизнес инкубаторы құрылып, студенттер ҚазақшаУикипедия жобасын орындауда. Университетте «Медиасфера»    гуманитарлық зерттеулер ғылыми орталығы ашылып, ғылыми зерттеулерге докторанттар, магистранттар мен студенттері ғылыми шаралар, экспедициялар, Журналистика және Коммуникация мектептерін ұйымдастырып, қатысуға, теориялық білімдерін ғылыми ізденістермен жетілдіруге мүмкіндіктер алды.

Public Relations: ұлттық сипаттағы модель жолында

Алып иедологиялық одақ ыдырып, елімізге нарықтық қатынас орныға бастағалы «PR» атауын немесе «Public Relations» тіркесін жиі ести бастадық.

Халық алдында көпшілікке арнап бұқаралық сөз арнау және қалың қауымды сендіру өнеріне антикалық дәуірдің ғұламалары да ерекше ден қойған. Сондықтан аудиторияны сендіру Аристотельдің ойынша, сол бұқараның көңілінен шығу, өзіңе еліктіру деп санап, шешендік өнері көпшіліктің талғамынан, мүддесінен шыға білу деп таниды.

Ежелгі грек ойшылдары бұқараның көңіл қалауына мән беріп, қоғамдық пікірге ден қоя бастаған. Ал көне Римде “vox populi – vox dei” (халық жаршысы – құдай елшісі) секілді қанатты сөздер пайдаланылды.

PR-дың кәсіп, қызмет, мамандық ретінде қоғамдық игілік ісін атқарушы мәні 1830 жыдан  бастау алады.  PR-ды алғаш қолданысқа енгізген практик-журналист американдық Айви Ли.

Ал Қазақстанда қоғаммен байланыс  мамандарының алғашқы легі 1990  жылдардың соңынан бастап үкіметтік және коммерциялық салаларда жұмыс істей бастады. Дегенмен қазақ қоғамына «қоғаммен байланыс», «жұртшылықпен байланыс» атауымен таныс мамандыққа сұраныс алдымен саяси сайлау науқандарынан басталды. Сонымен қатар, нарық талаптарына сай елімізде бизнестерін орнықтыра бастаған халықаралық ұйымдармен қатар, отандық компания басшылары  PR қызметіне сұраныс арта түсті. Әсіресе, өз акицонерлерімен, инвесторларымен, клиенттерімен, БАҚ өкілдерімен тіпті ұйым ішіндегі қызметкерлердің де бірі-бірімен сенімді де тығыз байланыс орнатуында таптырмас маман иесі де осы жұртшылықпен байланыс орнатушы PR маманы болды.

Қазақстанда осы салада қызмет етуші кәсіби практиктердің басын қосқан PR-шы клубы құрылып, ол қоғаммен байланыс нарығында 10 жылдан аса жұмыс істеп келеді. Жалпы, АҚШ, Англия, Италия, Франция, сондай-ақ Сингапур, Малайзия, Индонезия т.б. көптеген елдерде, ТМД елдерінің басым бөлігінде PR-институттары, PR-ассоциациялары бар. Олар ұлттық және халықаралық деңгейде кәсіби форумдар, PR-мамандарын аккредитациялау т.б. толып жатқан шараларды ұйымдастырады.

PR-қызметінің қоғамның саласында араласпайтын ортасы жоқ. PR  сасатта, экономикада, бизнесте, коммуникацияда, медицинада, спортта… Яғни қоғаммен байланыс бүгінгі қоғамның ажырамас бөлігі болып кеткені соншалық PR-қызметінсіз ауқымды шараларды өткізу мүмкін болмай отыр. Тіпті мамандық таңдаушы жас өркен кім болам дегенде Президент кеңесшісі, Парламент т.б. құзіретті органдардың  баспасөз-қызметкері, ірі банк және қаржы жүйелерінің PR-маманы бола аласың осы мамандықты таңда десе ұзақ ойланбасы анық.