Журналистика зор жауапкершілік жүктейді

ХХ ғасыр басында алаш азаматтары қазақ журналистиканың негізін қалады. Халықтың қоғамдық санасы мен саяси көзқарасы қалыптасуына ықпал етті.  Сондықтан ағартушы-ғалым Ахмет Байтұрсыновтьың газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі деп атауы бүгінде қанатты сөзге айналды.

Алаш көсемсөздері айтып кеткен газет — мерзімді басылым. Көнеде Юлий Цезарь «Сенат оқиғаларын» жарияласа, римдік газеттер болса оқиғалар хроникасын қыш тақталарға басып шығарған. Осыдан 1103 жыл бұрын Қытайда «Астаналық жаршы» жарық көріпті. Газет  атауының шығу төркіні де қызық. Күнделікті қоғамдық ақпарат парақшасын итальяндықтар gazzetta  аталатын ұсақ монетаға сатып алып отырған.   Міне, газет деген сөздің шығу тарихы сонау ежелден басталған екен.

Ақпарат дәуірі аталатын бүгінгі заманда журналистика көз ілеспес жылдамдықпен дамуда. Бүгінде ақпарат бірлігін битпен өлшейтінін білеміз.  8 бит 1 байтқа тең келеді.  Осы 1 байт көлемі  әліпбидегі 256 символды танытатын ақпараттық өлшем саналады. 1 секундте 1 млн байт ақпаратты  тасымалдауға болатын заманда өмір сүрудеміз. Сол үшін де технологияның осындай мүмкіндіктері журналистика саласындағы ақпарат пен оқиғалардың  лездігі мен жылдамдығына кепіл бола алады.

«Журналистика – бұл миссия» дейді журналистика мен мультимедианың  бүгінгі үрдістерін бағалаған жазушы, журналист Дебора Кемпбелл. Журналистика әрі кәсіп, әрі міндет. Қоғам алдындағы үлкен жауапкершілік. Осы жауапкершілікке студент кезінен баулу, тәрбиелеу – осы салада мамандар даярлайтын оқу орындарының міндеті.

Ақпарат заманының талабы мен тартуы көп. Десек те болашақ журналист үшін ақпараттардың тізгінін еркін меңгеру үшін де ақпараттық технология мен мультимедиалық құралдармен тіл табыса білуі тиіс.

Бүгінде мультимедиалық  құралдарды игерген әмбебап журналистерге деген сұраныстың артуы заңды да. Multimedia лат. multum – көп және media – medium – құрал деген сөздерінен шыққан.  Ақпараттың бірнеше түрін: мәтін, фото, графика, дыбыс, бейне, анимацияны бір жобаға  шоғырландыратын мультимедиа қазіргі журналистиканың  визуалды, ақпараттық тірегі деуге болады. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінде дәстүрге айналған байқау бар. Ол ең үздік «Мультимедиалық журналист» атану. Биылғы жылғы байқаудың басты мақсаты – қазақ жастарының рухани құндылығын визуальды коммуникация арқылы насихаттау. Журналистика шеберлерді таңдайды. Сондықтан бүгін студенттік студиядан бастау алған тың жобалар мен серпінді идеялар ертең журналистиканың таңдаулы шеберханасына апарар соқпақ болмақ.

Мультимедиалық журналист даярлаудағы тәжірибелік дағдылар

Ақпарат қоғамы –  білім қоғамы саналады. Білім қоғамының басты факторы –  ақпарттық технологияны жақсы меңгерген, білікті, кәсіби сауаты жоғары мамандар дайындау саналады. Жоғары білімді мультимедиалық журналист мамандарын даярлау міндетін ерекше атап өту керек. Жалпы, әлемде материалдық емес құндылықтарды халыққа жеткізу, түсіндіруде визуальдық коммуникацияның алатын орны ерекше.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттеріне оқылатын негізгі пәндердің бірі – «Мультимедиалық / Интернет журналистика». Ақпарат заманының талабы мен тартуы көп. Десек те болашақ журналист үшін ақпараттардың тізгінін еркін меңгеру үшін де ақпараттық технология мен мультимедиалық құралдармен тіл табыса білуі тиіс. Бұл үшін  теориялық білімді ұштаудың ең негізгі жолы – зертханалық дәрістер мен студенттің өзіндік жұмысын тиімді ұйымдастыру саналады. Ол білім алушының жаңа тәжірибелік дағдыларды  үйренуіне, біліктік дағыдалары артуына, кәсіби құзіреттілікке икемделуіне ықпал етеді.

Мультимедиалық нарыққа мамандар дайындау сандық дәуірдің ең басты талабы. Қазір күн санап озық технологиялар  тұтынушы аудиториясына жаңалықтар мен жаңа үлгілер ұсынуда.  Білім қоғамына енген сандық дәуірдің міндеті бұқаралық медианың барлық құралдарын кәсіби меңгерген мамандарға деген сұраныстың артуынан деп атауға болады.

Бүгінгі күнде журналистикаға маманданатын студенттің жеке блогы не әлеуметтік желілерде парақшасы болуы заңды. Ал студент өзінің сайтын әзірлеп, веб-редактор, журналист, дизайнер бола білуі оның маман ретінде қалыптасуына мүмкіндік береді.

Бұған дәлел ретінде студенттік сайттардағы: «Жалпы жаңалық атаулының ең алдымен жастар арасында кең таралытыны рас. Сол «Жаңа медиа»  атты  жаңалықтың  жаршысы  ретінде арман қуған бір топ  студенттер   дүниежүзін шырмаған  ғаламтордың  бір бұрышынан  «Зергер» атты   өз  сайтымызды  ашқан  едік» деген жазбаларды келтіруге болады.

«Журналистиканың біз бағындырар белестері көп болсын деген ниетпен порталымыздың атын «Белес» деп алдық. Жаңалықтар, қызықты әңгімелер, оқырманмен ой бөлісу – біздегі міндет осы. Бізбен бірге сіздер де белесіңізді елес қылмай  өз шыңдарыңызды бағындырыңыздар!» дейді келесі топтағы студенттер.

Қазақ жастарының көпшілігі үшін   ғаламтордың  «агент»  және «Google» -мен шектелетіні рас…  «Facebook» пен «Twitter»,  «казнет» пен  «gmail.com»  ұғымдары  «м-агент»  тәрізді  лексиконымызға  еркін  енуде. Осы жолдарды  жазып  жатқанда бәлкім «Facebook»   өзін  ыңғайлы әрі тез тағы бір   функциямен  толықтырған болар.

«Күнделікті  «youtube»-тан  видео  көріп, поштаны тексергенде  сізге беймәлім  жаңа медианың  жаңа бір қырымен танысып,  өз құрбыластар-ыңның  шығармашылығынан,  факультет  жаңалықтарынан  хабардар  болу үшін  осы сайттың  тұрақты  оқырмандары  болатындарыңызға  сенеміз» дейді бүгінгі студент, ертеңгі журналист болар жастар.

Яғни бүгінгі студенттік аудиториядан ғаламдық желіге жол тартқан алғашы сайт – білім алушыға берілген үлкен мүмкіндік және шығармашылық біліктілігін шыңдайтын виртуалдық алаң.

 

Әлем журналистері күнделікті редакцияларында, жолсапарларында жиі қолдаланатын ең үздік мультимедиалық құралдарды үйрену дағдысын арттыру әрбір студентке қойылатын басты талаптардың бірі. Олардың қатарында мынадай құралдарды ерекше атауға болады. Онлайн тарихыңызды жарқын ететін Dipity – хронология мен сандық баяндау құралының тегін генераторы саналады. Видео, аудио, бейне, мәтін, сілтемелер, әлеуметтік медиа арқылы оқиғаның уақыты мен күнін  тақырып аясына сыйғызуға болады.

Әрдайым жолсапарда жүретін журналистерге  қолайлы, оқиға орын алған жерден тікелей репортаж жүргізуге тиімді алаңдардың бірі – Qik.  Бұл ақпараттар ағынын легімен беретін құрал. Көрермен оқиғаны жазып жатқанда көру мүмкіндігіне ие болады, видеоны сол сәтте әлеуметтік медиа сайттарына жариялауға болады. Үздік саналған құралдардың бірі Qwiki іздестіру нәтижелері бойынша әп-сәтте-ақ мультимедиалық тұсаукесер жасай алады. Мәселен, бұл құрал іздестіру сөзі бойынша  аудио форматта анықтама сөздіктерімен  бес мәтіндік топик ұсына алады. Сонымен қатар, Vuvox құралы арқылы деректерді тегін бейнелеу құралдары арқылы интерактивті тұсаукесер жасауға болады. Яғни бір мезетте мәтін, фотосуреттер, видео  және аудиоальбомдар тізбектелген дайын тұсаукесерді жасауға болады. Атап өткендей, мультимедиа мүмкіндіктері мен шығармашылық аясы, қолдану мен тиімділік шекарасы бүгінде ешбір кедергісіз сандық технология кереметі арқылы жүзеге асады.